​Отбасы бақытын сақтаудың ҮШ формуласы

0
1 312

Өмір де есеп секілді. Тек формуланы білу керек.


​Отбасы бақытын сақтаудың ҮШ формуласы

фото: ашық дереккөзден алынды

Кез келген нәрсені сақтаудың өз ережесі болады. Мысалы, дәріні салқын жерде, етті мұздатқышта, кітапты құрғақ бөлмеде сақтау керек. Ал көкөністерді ұзақ уақытқа сақтау үшін, алдымен қайнатып, шыны банкаға құйып, аузын нықтап жауып сақтайды. Тіпті денсаулықты сақтаудың да өзіндік шарттары бар екенін бәрі біледі.

Дәл сол сияқты отбасы бақытын сақтаудың да ережесі жоқ емес. Көп ережені психологтар мынандай негізгі үш формулаға салып, қысқартыпты.



Бірінші формула: Махаббат

Махаббатты үнемі нығайтып отыру. Махаббат болмаса екі адам үйлесіп таппайды, бірге өмір сүре алмайды. Махаббат соңы үйленумен аяқталғанымен, сезім оты сөніп қалмауы тиіс. Ал отбасындағы сезіммен өрілген қарым-қатынастың отыны – сүйіспеншілік пен мейірімділік. Мұнда екеудің күнделікті бір-біріне айтатын жылы сөздері, құшақтау, көңіл білдіру, үй шаруасында көмектесу сияқты қарапайым әрекеттері үлкен маңызға ие. Бұл отбасылық өмірдің сапасын арттырып, бақытты отбасы болуға септігін тигізеді.

Сонымен қатар кез келген эмоция ерлі-зайыптының сезімін берік етеді. Мәселен, бірге комедия көріп шынайы күлу, тауға шығып бірге айқайлау, бірге балмұздақ жеу, су шашып ойнау, оңашада вальс билеу, туған күнінде тосынсый жасап қуанту т.б. Бір-бірінен алыстаған сәтте бұндай жағымды эмоцияға байланған естеліктер еске түсіп, сағынышты күшейтеді. Сондықтан да ортақ естеліктер көп болғаны дұрыс.

Бұл орайда отбасылық дәстүрлер, отбасы кеші, саяхат, бірге серуендеу немесе бірге тамақ дайындау секілді ортақ шараларды аптасына бір рет болмаса да ай сайын ұйымдастырыңыз. Тіпті айына бір рет бір-біріңізді кездесуге шақыруды дәстүрге айналдырсаңыз болады. Мысалы, бұл айда жалақы алған күні сіз оны, келесі айда ол сізді кафеге шақырсын. Кездесуде екеу ғана, яғни балаларды ата-енеге немесе әпке-жеңгеге тастап кету керек. Кездесуге кафеге шақыру міндетті емес. Екеудің қолтықтасып жай ғана саябақта серуендеуі де жақындық пен жылылықты арттырады.

Жалпы, кез келген эмоциялық және физикалық қарым-қатынас - сезімді нығайтады.



Екінші формула: Сенім

Сенім махаббат та қуатты. Сондықтан сенімді жоғалтпауды ойлаңыз. Өйткені сенім жоғала бастаса көңіл сынады. Көңіл бір рет қалса, қайтадан бастапқыдай болмайды. Көңіл белгілі бір дене мүшесі болмағанымен, ең қатты ауыратыны сол.

Отбасында мәселелерді жасырып қалу, бір-бірінен құпия ұстау қарым-қатынасты қиындатады. Сондықтан да алаяққа алданып қалсаңыз да, көлігіңіздің соғып алсаңыз да жасырмаңыз. Өйткені өтірік сөйлеу – осындай қарапайым нәрселерден басталады.

Сондай-ақ ол сіздің жарыңыз болғаныңызбен, ол - жеке тұлға. Жарыңызға да жеке мемлекет деп қарап, жеке шекарасын бұзбауды ойлаған жөн. Оның сіз білетін ғана құпияларын өзгеге жарияламаңыз. Жеке мәселесіне бас сұға беру де - қателік.

Бақытты отбасында адамдар ашық сөйлеседі, ойларын бөліседі, қиындықтар мен қуаныштарды бірге талқылайды. Бұл сенімді нығайтады және бір-бірін жақындатуға көмектеседі.



Үшінші формула: Құрмет

Махаббат пен сенімнен адамға деген құрмет пайда болады. Демек құрмет жоғалмау үшін махаббат пен сенімге селкеу түспегені жөн. Одан бөлек, еркек пен әйелдің психологиясы бір-бірінен бөлек. Және әр адамның білім деңгейі, көзқарасы, тәрбиесі түрлі-түрлі болады. Осыны ескеріп, олар бір-бірінің ой-пікіріне, сезімдеріне, қажеттіліктеріне, қалауларына түсіністікпен қарау керек. Түсіністіктен құрметтеу туады. Ал құрметтеу – бақытты отбасының негізі.

Жақсы қарым-қатынас үшін жан жарының ойын тыңдап, оның сезімдерін ескеріп, сыйластықпен қарау маңызды. Сонымен бірге таусылмайтын жанжал, ұрыс-керіс, әр қадамын аңду, қатаң бақылау да - құрметті аласартады.


Түйін: Отбасы бақытын сақтаудың үш формуласын үш шырақ деп қарастыруға болады. Бірде дана ұстазға жас отбасы келіп, бақытты болу үшін не істеу керектігін сұрапты. Ұстаз оларға үш шырақ беріп, былай депті:

– Бұл шырақтар – сіздердің отбасы бақытыңның символы. Бірінші шырақ – махаббат, екінші – сенім, үшінші – құрмет. Егер сіздер бақытты болғыларыңыз келсе, осы үш шырақты бірдей жандырып, ешқашан өшірмеңіздер. Бірі сөніп қалса, екінші шырақтың отымен қайта жағып алуды жылдамдату керек, - деген екен.

Міне, отбасы бақыты бар болғаны үш-ақ сезімнің отынан құралады. Осы үш шырақ отын сөндіріп алмасаңыз болғаны.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Декреттік демалыстан кейін жұмысқа оралуды жеңілдететін 5 қадам

Нағыз ЕРКЕКТІҢ үш БЕЛГІСІ