ТҮРКІСТАН: Референдум жаңашылдыққа бастайды

0
623

Ата Заңның үштен бір бөлігі жаңарады.


ТҮРКІСТАН: Референдум жаңашылдыққа бастайды

5 маусым күні өтетін Жалпыхалықтық Референдум негізінде Конституцияның 99 бабының 33-і өзгермек, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен 5 маусым күні өтетін Жалпыхалықтық Референдум негізінде Конституцияның 99 бабының 33-і өзгермек. Бұл дегеніміз Ата Заңның үштен бір бөлігі жаңаратындығын айқындайды. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы Ақпараттық талдау орталығының директоры Сейдулла Айкозов мәлімдеді.


"Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылмақ. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын белгілі заңгер-құқықтанушылар және конституциялық құқық саласының мамандары әзірледі. Оған Конституциялық Кеңес оң бағасын берді", - деді Сейдулла Ибадуллаұлы.


Сонымен қатар, баспасөз мәслихатына доцент-ұстаздар және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында сөз алған Қ.А.Ясауи ХҚТУ-ң Құқықтану кафедрасының оқытушысы Дәулет Қожамбеков: «Бұған дейін жүзеге асырылған конституциялық реформалар елді демократияландыруға арналған нақты қадам болғаны анық. Ал, бұл жолы жоспарланып отырған конституциялық реформаның басты ерекшелігі – өзгерістер мен толықтырулар референдум арқылы іске аспақ. Конституциялық реформалар іске асқаннан кейін осы тұжырымның мәні арта түсетіндей. Себебі, Конституцияны қабылдаған халық, өзгертуге құқылы ең бірінші субъект те халық болуы тиіс, сол үшін де биліктің бастауы – халық», - деді.


Сондай-ақ жиынға қатысқан Қ.А.Ясауи ХҚТУ-ң Менеджмент және туризм кафедрасының оқытушысы Алмас Құралбаев Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мақсатына тоқталып өтті.


«Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігін және оңтайлы болуын қалыптастырады. Сондай-ақ президенттік институттың барынша дербес болуын қамтамасыз етеді», - деді.


Баспасөз жиыны соңында сарапшылар тобының мүшелері көпшілікті Референдумға біркісідей атсалысуға шақырды.