Алдағы науқаннан қалыс қалмауға шақырды.
Түркістан облысында ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мүшелері депутатпен бірге референдумды талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Алдағы референдумның жай-жапсарын түсіндіру, насихаттау мақсатымен ҚР Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғали Түркістан облысына іссапармен келді. Сапар аясында халық қалаулысының кезекті тұрғындармен кездесуі Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы “Ордабасы оттары” газетінің редакциясында өтті.
Жиынға Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұлов, "Ордабасы оттары" газетінің директор-бас редакторы Ғалымжан Зиябек, белгілі сықақшы, журналист Көпен Әмірбек, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, белсенді жастар қатысты.
Кездесу барысында Берік Әбдіғали Мемлекет басшысы ұсынған Конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттыратынына және алдағы уақытта әлеуметтік әділеттіліктің орнауына жол ашатынын айтып, алдағы науқаннан қалыс қалмауға шақырды.
«Конституциялық референдум мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем береді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі. Әрине, өзгеріс аз емес. Соның бірі – Парламенттің рөлі күшейіп, мәртебесі артады. Парламенттің бақылау функциялары да кеңейеді. Яғни, азаматтардың мүддесін қорғау механизмі күшейеді. Ата Заңымыздың үштен бір бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі отыр. Жаңа Конституция «Жаңа Қазақстанға» бастайтын өзіндік жол болатынына сенімдімін. Отандастарымыз осы саяси оқиғаның мән-маңызын түсініп, өздерінің азаматтық ұстанымын көрсетеді деп ойлаймын», – деді депутат.
Жиында Көпен Әмірбек алдағы реформалар әрбір азаматқа қатысты екенін, сондықтан әркім референдумға қатысып, елдің одан әрі дамуына өз үлесін қосуы тиіс екенін атап өтті. Қаламгердің пікірінше, референдум суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшу, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейту, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін арттыру сияқты іргелі өзгерістерге жол ашады.
Келелі басқосуда аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұлов Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиға алғысын айтып, "Күш атасы — Қажымұқан" кітабын сыйға тартты. Сонымен қатар Түркістан облыстық ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек алдағы референдум әділетті мемлекет құрудың бастамасы әрі ел бірлігін бекемдейтін маңызды саяси қадам екенін айта келе, өңіріміздегі этносаралық татулықты дәріптеген "Шаңырақ" кітабын халық қалаулысына тарту етті.
Кездесуде тұрғындар Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Жиынға қатысушылар жалпыхалықтық референдум өткізуді қолдап, аудан тұрғындарының оған белсенді қатысатынына сенім білдірді.
Еске сала кетсек, елімізде Конституция 1995 жылы қабылданды, содан бері өзгерістер Парламент арқылы енгізілді. Алдағы референдум 5 маусымда өтеді.