Себебі оның асқазанына жуылмаған алмалармен бірге микробтар кіріп кеткен еді.
иллюстрациялық фото: kitapal.kz
Орманда бүгін күн ерекше басталды. Жан-жаққа шуағын шашқан күннің жылуымен барлық жанды тіршілік иесі ояна бастады. Ұзынқұйрық маймыл да оянды. Қолымен көзін уқалап, төсегінде әбден керілді. Артынша төсегін жинастырып, киімін киді. Ұзынқұйрық жүгіріп келіп өзенге беті-қолын жуды. Беті-қолын құрғақ жапырақтармен кептіріп, таңғы ас ішуге шықты.
Таңғы асқа жейтін бір нәрсе іздейін деп, талдан талға секіре бастады. Бір кезде алдынан үлкен алмалары бар жеміс ағашы шықты. Кішкентай маймыл алманы жылдам жұлып, жумастан «Ап» еткізіп, бір тістеді. Басқа бұтақтардағы алмаларға да көзі түсті. Сөйтіп бүкіл алмаларды бірінен соң бірін қылғытып, қарны бір-ақ тойды. Енді ойнай беруге болады. Мәз болып, әрі-бері секіріп жүргенімен, іші ауыра бастады. Іші қопарылып, жаны көзіне көрінді. Ұзынқұйрық жылап жіберді. Себебі оның асқазанына жуылмаған алмалармен бірге микробтар кіріп кеткен еді. Микробтар кішкентай маймылдың қарнын «вум-вум» деп іштен ұрып жатқандай. Олар Ұзынқұйрықтың ішінен ұрған сайын, іші одан әрі ауыра бастады. Ал кішкентай микробтар болса маймылдың қарнында жатып, күле бастады.
Кішкентай маймыл аурудан екі бүктетіліп, жерге жатып қалды. Осы сәтте дәрігер ара орман көшелерінде таңертеңгі серуенін жасап, ұшып жүрген болатын. Бір кезде жерде жатқан кішкентай маймылды көріп қалды. Оған көмек керек екенін бірден түсінді.
– Сәлем, Ұзынқұйрық балақай! Ауырып жатқан сияқтысың ғой, – деді жанына келіп.
– Иә, дәрігер. Ішім қатты ауырып тұр. Маған көмектесе аласыз ба? – деп дәрігер араға жыламсырай қарады.
– Әрине, қазір сені емдейміз. Алдымен ішіңді тыңдап көрейік. Қандай ауруың бар екенін білген соң, ем жасаймыз, – деді.
– Ым-м...Түсінікті. Ішіңде микробтар бар. Оларды шығаруымыз керек. Шығару үшін саған ине саламын, – деп дәрігер ара ем-домына кірісіп кетті.
Ұзынқұйрық ине деген сөзді естігенде, қорқып кетті.
– Дәрігер, өтінемін, маған ине салмаңызшы. Мен... мен өзім...
– Сен тезірек жазылсын деп ине салғалы жатырмын. Бұдан басқа жол жоқ. Микробтарды ішіңнен қуып шығуымыз керек. Сабыр сақтап, денеңді бос ұста. Терең тыныста... – деп инені білдірмей сала бастады. Ал Ұзынқұйрық болса ине салынғанын байқамай да қалды.
– Ал, тезірек сауығып кет! – деді емші ара.
– Болды ма?! – деп таңырқай сұрады Ұзынқұйрық.
– Енді қорықпай-ақ қойсаң болады, балақай. Ине салынды. Инеден соң өзіңді жақсы сезінетін боласың. Ұзынқұйрық араға рақметін айтты. Жымиып, дәрігер араның қолын алды.
Дәрігер ара болса:
– Осыдан соң жемісті жумай жеме! Қазір үйіңе бар да, жақсылап демал! – деп кеңес берді.
Кейін қанаттарын жылдам қағып, ұшып кетті. Ара ормандағы саяхатын жалғастырды.
Ұзынқұйрық болса демалу үшін үйіне кетті. Осы кезде жан-жақтан орман тұрғындары бұл жағдайды естіген еді. Біршама уақыттан соң, үйінің есігі қағылды. Келгендер Ұзынқұйрықтың достары болатын. Достары кішкентай маймылдың қал-жағдайын білуге келген екен. Қолдарында үлкен себет, себеттің ішінде түрлі-түрлі жемістер бар болатын.
Ұзынқұйрық достарының келгеніне қатты қуанды. Оларға себеттен жемістерді жеуге ұсынды. Қоңыр аю болса, жылдам себетке қол созып, ішіндегі өзі ұнатқан жемісті алмақшы болды.
Алайда Ұзынқұйрық оны бөгеп:
– Жоқ, досым. Жемістерді жумай мүлдем жеуге болмайды.
Менің ауырған себебім де осы болатын, – дегенде, жанындағы достары күліп жіберді. Осыдан кейін барлығы жемістердің таза болуына мән беру керектігін ұқты. Ең жақсы сабақ алған Ұзынқұйрық болды. Олардың әңгімесін тыңдаған Ұзынқұйрықтың анасы жемістердің бәрін жуып, алдарына әкеліп қойды. Бәрі қуанып, жемістерден ауыз тиді.
Зинелова Жібек Құрашқызы – Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылында дүниеге келген. Аудармашы, автор. Балаларға арналған «Кәмпитті жеген кім?», «Кербезмүйіз», «Әдептілік қағидалары», «Қиялдағы ғаламшар», «Сұр қоян», т.б кітаптарының авторы. Әңгіме, ертегі, фэнтези жанры бойынша ересектер мен балаларға арналған шығармалар жазады.