Кішкентай кенгуру – ертегі. Жібек Зинелова

0
1 597

Кенгурулар отбасы осылайша өмірлерінің соңына дейін бақытты да баянды ғұмыр кешкен деседі.


Кішкентай кенгуру – ертегі. Жібек Зинелова

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бұл ормандағы көрікті де сүйкімді тұрғынның бірі кенгуру болатын. Ол күні бойы орман ішінде әрлі-берлі секіріп гүл теретін. Терген гүлдерін бауырындағы қалтасына салып, анасына апарып береді. Анасы бұған қатты қуанатын. Себебі анасы оны дүниеге әкеліп, өсіп кеткенше бауырында тасып жүрді. Кішкентай кенгуру анасының құшағында бақытты да көңілді күндерін өткізді. Алайда кенгуру есейе бастады. Анасының қалтасы енді оған тар болды. Әрі кішкентай кенгуру анасының іші неге өсіп келе жатқанын түсінбей жүрді.


Бір күні кенгуру анасымен серуенге шықты.

– Балам, саған айтар жақсы жаңалығым бар. Жақында сенің бауырың дүниеге келеді. Онымен тіл табысып, қамқорлық танытарыңа сенемін. Онымен бірге ойын ойнап, уақытты бірге көңілді өткізесіңдер. Бұдан былай жалғызбын деп шағымданбайсың, – деп анасы кішкентай кенгуруға бәрін түсіндіргендей болды.


Кішкентай кенгуру бұл хабарға басында қатты қуанды. Себебі өзіне жаңа дос тапқан еді. Бірақ артынан ойына басқа нәрселер келе бастады. Ол анасының ыстық құшағын ешкіммен бөлісуді қаламады. Ішінен бір дауыс «Анаң тек сенікі» деп тұрғандай. Бірақ бұл ойын анасына айтпады.


Арада бірнеше күн өтті. Кенгуру балақай ойын ешкім айтпай, ішіне сақтады. Тек қана кешке дейін теледидар тамашалап жата берді. Бір күні әдеттегідей теледидардан бірдеңе көріп жатты. Бірақ ол теледидарға қатты жақындап алыпты. Бұны анасы байқағанымен, өзінің құрылғыға тым жақын жатқанын кішкене кенгуру сезбейтін сыңайлы. Оның ойынан анасының сөздері шықпай қойды. «Бауырым дүниеге келгенде анам мені емес, оны қаттырақ жақсы көре ме?» деген сұрақ санасына әлсін-әлсін келеді. Осы сәтте бөлмеге анасы кіріп келді. Баласына жылы дауыспен:


– Балам, саған не болды? Көңіл-күйің неге жоқ? Менімен сөйлескің келе ме? – деп тіл қатты.


Бала кенгуру анасына:


– Анашым, менде бәрі жақсы. Аздап көңіл-күйім жоқ сияқты. Егер рұқсат берсеңіз, далаға шығып, серуендеп келейін, – деп жауап қатты.


Анасы оған рұқсатын берді.


Ол алдымен жотаның төменгі жағына түсті де, құстарды, көбелектерді, ағаштарды тамашалады. Жерде өсіп тұрған түймедақ гүлін көріп, жанына келіп, үзіп алды. Түймедақ гүлдерін бір-бірлеп үзе бастады:


– Анам мені жақсы көреді, жақсы көрмейді, көреді, көрмейді...


Тура сол кезде оқыстан анасы жанына келіп қалды. Кішкене кенгуру өз қылығына ұялды. Анасы кенгурудың қолынан түймедақты алды. «Жақсы көреді, жақсы көреді, жақсы көреді...» деп баласын бауырына басты.


– Балам, сен біздің тұңғышымызсың. Біз сені қатты жақсы көреміз. Тіпті бауырың дүниеге келсе де сені жақсы көре береміз. Тек бауырың дүниеге келген соң, оған көбірек көңіл бөлуіміз керек болады. Ол кішкентай болғандықтан, көп нәрсені өзі жасай алмайды. Сен де маған көмектесетін шығарсың, – деп оған күлімдей қарады.


Анасының айтқандарын естіген кішкентай кенгурудың жүзі жайнап сала берді.


– Әрине, анашым. Қуана-қуана көмектесемін сізге... Бауырымның да дүниеге келуін асыға күтіп жүрмін. Кімге ұқсайды екен өзі?!


Анасы мен баласы қол ұстасып, үйге дейін әңгімелесіп барды. Біршама уақыттан соң көптен күткен балақай да дүниеге келді. Кенгурулер отбасы тағы бір жанмен толығып, бәрі мәз-мейрам болып, қуанып қалды. Анасы мен әкесінің махаббаты кішкентай кенгуруға да, оның жаңадан дүниеге келген бауырына да жетті. Кенгуру сондай сүйкімді, әрі өте кішкентай болатын. Оны қолға алуға бауыры қорықты. Сондықтан балақай өсіп кеткенше анасының бауырында болды.


Бір күні кенгурулардың анасы сырқаттанып қалды. Әкесі кішкентай кенгуруды сыртқа алып шықты. Далада біраз серуендеген соң, әкесіне бір ой келді. Олар үйге аман-есен жеткен соң, бәрі бірге анасының бөлмесіне кірді.


Әкесі үйге келді. Бөлмеге кірсе, үлкен баласы анасының жанында отыр екен. Қолындағы кішкене кенгуруды ағасына ұсынып:


– Келе ғой. Сенің де бауырыңды ұстап көретін уақытың келді, – деді.


Ағасы қатты қуанып кетті. Бауырын алғаш рет құшағына алғанда, қатты қобалжып, жүрегі дүкілдеп кетті.


Күндерден-күндер өтіп, кішкентай кенгуру да өсті. Ағасы екеуі бірге ойын ойнап, уақытты көңілді өткізетін болды. Ағасы да енді жалғызсырамайды. Себебі оның ең жақын досы пайда болды. Кенгурулар отбасы осылайша өмірлерінің соңына дейін бақытты да баянды ғұмыр кешкен деседі.