​Креативтің классикалық көрінісі: Италияны тәнті еткен Әйгерім Алтынбекпен сыр-сұхбат

0
242

Әлемдік опера кеңістігінде қазақ қызының үні естілді – бұл шығармашылық пен ұлттық мәдениеттің жаңа кезеңі


​Креативтің классикалық көрінісі: Италияны тәнті еткен Әйгерім Алтынбекпен сыр-сұхбат

Әйгерім Алтынбек – классикалық вокал өнерінде өзіндік бағыты бар жас әнші. Ол жақында Италияның Портофино қаласында өткен CLIP халықаралық опера байқауында (Concorso Lirico Internazionale di Portofino) бірінші орын иеленіп, кәсіби сахнада тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Отанюасымыз байқаудың негізгі номинацияларында да үздік атанып, абсолютті жеңімпаз болды. Сонымен қатар, «Көрермен көзайымы жүлдесін, «Үздік әйел дауысы» марапатын және музыка сыншысы, арт-директор әрі педагог Карло Майердың арнайы жүлдесін иеленіп, елімізге мәдени-тарихи жеңіс сыйлады. Олай дейтініміз, Әйгерім Алтынбек CLIP халықаралық опера байқауында жеңіске жеткен алғашқы Орталық Азия өкілі болып отыр.

Опера – тек классикалық өнердің үлгісі ғана емес, заманауи креативті индустрияның да маңызды саласы. Бұл жанрда сахналық қойылым, музыка, режиссура, визуалды шешімдер мен заманауи интерпретация қатар өріледі. Сондықтан опера әншілері тек орындаушы ғана емес, идея мен эстетиканы қатар алып жүретін креаторлар. Әйгерім Алтынбектің шығармашылығы осыны айқын дәлелдейді: ол ұлттық музыкалық мұраны халықаралық сахнада жаңаша қырынан танытып, опера өнерінің бүгінгі креативті индустриядағы орнын көрсетіп жүр.


Күні кеше ғана Қазақстанның туын желбіретіп, әлемдік сахнада маңдайы жарқырап, мерейі тасыған әншімен ERNUR.KZ тілшісі сұхбаттасты.
- Әйгерім, ең алдымен сізді жеңісіңізбен құттықтаймыз. Бұл қазақ мәдениеті үшін үлкен бір белес болды. Әңгімемізді сіздің отбасыңыз, туып-өскен жеріңізден бастайықшы...
- Мен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы Ақай ауылында дүниеге келдім. Отбасымда төрт ағайындымыз. Ағам мен әпкем және сіңлім бар. Анам мектепте музыкадан сабақ береді. Ал әкем қарапайым жұмысшы болып еңбек етеді. Мені өнерге баулыған сол екі кісі – ата-анам. Кішкентай кезімнен мені жетелеп, байқауларға қатыстыратын. Өзім бес жасымнан бастап ән айттым. Ал тоғызыншы сыныпты бітірген соң Қызылордадағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға түстім. Сол жердегі ұстазым, марқұм Феруза Арғынбаева опера өнеріне жетелеп, бар ықыласымен баулыды. Кішкентайымнан тек эстрада әндерін шырқап жүргендіктен маған операға, классикалық шығармаларды орындауға ойысу өте қиын болды. Операдағы жолым кейін Астанаға келіп, «Шабыт» университетіне түскен соң жалғасты. Мен ол жерде Татьяна Руднева деген мықты ұстаздың сыныбында дәріс алдым. Жалпы, Италияға барып, жарып шығуыма сол ұстазымның «Тоқтама!» деген бір ауыз сөзі әсер етті.
- Әлемге әйгілі «Ла Скала» театрының академиясына түсу екінің біріне беріле бермейтін бақ қой. Бақ шапты ма, әлде бабыңыз келісті болды ма?
- Бағым мен бабым қатар жанған шығар. Үш жылдан бер Италияда тұрып жатырмын ғой. Мұнда келуімінің басты себебі де осы «Ла Скала» театрының академиясына оқуға қабылдану еді. Оған тікелей барып, түсе салмайсың. Алдымен итальян тілін білу шарт. Сосын міндетті түрде консерваторияда, академияда алдын ала білім алу керек. Сол себепті мен Парма қаласындағы Арриго Бойто атындағы консерваторияда білімімде жетілдірдім. Оған түсу үшін де біраз тер төгуге тура келді. Білім тек итальян тілінде беріледі, бағдарламасы да өте күрделі. Бір шығарманы орындардан алдын оның мәтінін жаттап, өз тіліңе аударып, жақсылап түсініп алу керек.
Ал енді «Ла Скала» театрының академиясына түсу үшін үш жыл бойы дайындалдым. Тағылымдама негізі екі жылға жоспарланған. Іріктеуге 400-ге жуық адам өтініш берген. Соның ішінен 90 адам тыңдалымға жолдама алды. Кейін біздер жартылай финалға жолдама алдық. Ол екі бөлімнен тұрады. Алдымен камералық оркестрмен ариялар орындадық. Ал екінші бөлімде біздің актерлық және музыкалық қабілетімізді білу үшін жеке-жеке сұхбаттасу жүргізілді. Финал «Ла Скаланың» сахнасында өтті. Іріктеуге келген 400-дің ішінен 12 адам ғана академияға қабылдандық.

- Әйгерім, Италияны операның отаны деп жатады. Осы ретте біздің қазақстандық опера тетарларының деңгейі қандай? Халықаралық талапқа сай келе ме?
- Біздің астанамыздағы Astana Opera театры өте керемет. Кең, іші хан сарайындай. Мен қазір әлемнің басқа да театрларын көріп жүрмін ғой. Салыстырмалы түрде айтсам, біздің театрлар қалыспайды. Менің ендігі тілегім, елімізде опера тыңдайтын адамдардың қатары артса екен. Шынайы тыңдармандар көбейсе, опера әншісі үшін одан асқан бақыт жоқ. Театрға тек суретке түсіп қайту үшін емес, бекзат өнерге сүйсіну үшін келсе деймін.
- Енді аталмыш байқау туралы айтып берсеңіз...
- Concorso Lirico Internazionale di Portofino (CLIP) байқауы жыл сайын Италияның Портофино қаласында өтетін, әлемдегі ең беделді вокалдық байқаулардың бірі. Оған Еуропаның жетекші опера театрлары, атап айтсам, Вена операсы, Ла Скала, Глайндборн, Метрополитен және Елисей алаңындағы театрдың режиссерлері мен директорлары қазылық етеді. Биылғы байқауға әлемнің әр түкпірінен 200-ге тарта өтініш келіп түскен екен. Бірақ финалға бар болғаны 10 орындаушы өттік және Портофино қаласының орталық алаңында гала-концертте ән шырқадық.
Маған «Үздік әйел дауысы» номинациясын Чилидегі Ибаньес-Аткинсон қоры табыстады. Бұл қор негізінен әлемнің әр түкпірінен жас әрі дарынды вокалистерді қолдаумен айналысады. Қор басшылығы болашақта халықаралық деңгейде мансабымды кеңейту үшін қолдайтынын, көмектесетінін жеткізді.
- Ендеше сізге сәттілік тілейміз! Қазақ өнерін әлемге таныта беруіңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан – С.Икрамқызы,

ERNUR.KZ