Жұмақтан түскен жеміс туралы жыр - ертегі. Кеңес Оразбекұлы

0
1 442

Кенет олардың әңгімелерін сай жақтан жылап-еңіреп, сүрініп-қабынып келген Алма шыбығының даусы бұзды.


Жұмақтан түскен жеміс туралы жыр - ертегі. Кеңес Оразбекұлы

Қоңыр күз. Алатау бөктеріндегі ағаштардың жапырағы енді-енді сарғайып, қызарып, жасыл желекпен араласа түрлі түске бөленіп тұрған. Сол бөктердің бірінде, алма бағының шетіндегі екі дарақтың нағыз кемеліне келген кезі еді. Оның біреуі Апорт та, екіншісі жабайы Сиверс алмасы болатын. Екеуінің де бойындағы алмалар көкжасыл, алқызыл түске малынып, айнала төңірекке хош иістерін жайып, «бізді көріп қалыңдар» дегендей алыстан көз тартатын. Алмалары пісіп-толысқан қос дарақ көңілдері жайланып, жайымен ескен ерке самалмен тербеліп, өз ара әңгіме-дүкен құрып тұрған. Кенет олардың әңгімелерін сай жақтан жылап-еңіреп, сүрініп-қабынып келген Алма шыбығының даусы бұзды.


— Өй, не болды? — деді Апорт қызының көк шыбықты, жасыл жапырақты «шашынан» сипалап, — Құрбыларыңмен тағы келіспей қалдыңба?


— Иә! — деді Алма өксігін баса алмай солықтап. — Құрбыларым — Өрік, Алқоры, Шие үшеуі мені жабыла мазақтап, кекетумен болды. «Сенің атыңды неге «Алма» деп қойғанын білесің бе? Сенің жемісіңді адамдар да, жан-жануарлар да «алмасын, жемесін, татып алмасын» деп, «Алма» қойған. Сендей әжетке жарамсыз құрбыны біз де керек қылмаймыз», деп, менен теріс айналды.


Алма «И-и-и»-дептағы еңірей бастап еді:


— Қой, қызым, — деп Апорт анасы басу айтты. — Олардың айтқанының бәрі бекер сөз.


— Иә, бекер сөз, — деді Сиверс те оны қостап. — Дегенімен, егер тыңдайтын болсаң, оның өзінше терең де қиял-ғажайып тарихы бар. Тыңдайсың ба?


— Әрине, тыңдаймын!


— Онда әңгіме былай. Ғалымдардың айтуынша, біз жер бетінде елу миллион жылдан бері өсіп келе жатырмыз. Ал одан бұрын біздің дарақтарымыз жұмақ әлемінде жайқалған екен. Сол тұста жер бетіндегі адамзаттың түп-тегі, алғашқы Ата-анасы — Адам ата мен Хауа ана да жұмақта өмір сүрген екен. Жыл, ғасыр, уақыт санамай ұзақ та бақытты ғұмыр кешкен. Жұмақ болған соң, не ішем, не кием демей, алаңсыз, қамсыз дәурен құрған. Дегенімен ол жақта Ібіліс те кезіп жүретін болса керек. Сол малғұн Адам ата мен Хауа ананың бұл әдемі тұрмыстарын көре алмай, қатты қызғанып, оларды азғырудың амал-әрекетін іздейді. Бірде Хауа ананың алма ағашыныңтүбінде оның хош иісті, қып-қызыл көз жауын алған жемістеріне сүйсініп, қызыға қарап тұрғанын көреді де, жанына жетіп барады. Сол жерде ол жыланға айналады да, олардың ішіп-жеуге тыйым салынғанын біле тұра ағаштың бұтақтарына өрмелеп шығып:


— Ыс-с. . . Ымм, қандай тәтті жемістер, жеп көрші, үзіп алып жеп көрші, — деп азғырады.


Онсыз да есі кетіп, тамсанып тұрған Хауа ана жылан сөзіне арбалып, қолын соза береді.


Хауа ананың азғыруға ергенін байқаған Жеміс ағашы қатты қобалжып, оны тоқтатпақ болып:


— Ал-ма, ал-ма! — деп қалай тілге келіп өтінгенін білмей қалады. Бірақ Хауа ана оның бұл сөзін жемістің аты деп ұғып, бір жемісті үзіп алады да, алақанына салып, «Алма» деп сүйсіне тамашалап, сол арада «қырш-қырш» еткізіп жеп қояды. Сөйтіп, байқаусызда ішіп-жеуге тыйымсалынған жұмақ тәртібі бұзылады.


Бұл жөнсіз әрекетті естіген Жаратушы иеміз қатты қаһарланып, Адам ата мен Хауа ананы жұмақтан қуып, Жерге айдап апарады. Олармен бірге алма ағашын да жер аударады. Міне, содан бері біз тау баурайындағы осы өңірде таралып өсетін болыппыз. Сол атамзаманнан бері адамзат баласы, жан-жануарлар да біздің жемістерімізді талғап жеп, өзектеріне арқау етіп келеді.


Міне, солай, балам, біз жұмақтан түскен, адамзат баласына сол жұмақты еске салатын қасиетті ағаштың біріміз. Ал, құрбыларың бұл аңызды дұрыс түсінбеген ғой, шамасы, — деп жылы күлімсіреді.


— Ала-қай! — қолын шапаттай қуанды Алма ағашы. — Біз жұмақтан келген қасиетті ағашпыз! Қызықекен! Тағы, тағы айтыңдаршы! — деп, екеуіне қиыла кезек қарады. — Тағы да қызық әңгімеестігім келеді!


— Бұл апаң жабайы алма — Сиверс ағашы, — деп өрбітті ендіәңгімені шешесі Апорт. — Біз осы ағаштан тараған мәдени тұқымдастарға жатсақ,бұл апаң сонау әлімсақтан бері жабайы түрде өсіп-өркендеп, тек осы өлкелерде, яғни, Іле, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Қаратау бөктерлерінде ғана орман-тоғай болып шоқтанып өседі. Ал Жер жүзінің басқа өңірлерінде біз сияқты мәдени сұрыптар болмаса, жабайы түрде басқа еш жерде кездеспейді. Сондықтан Сиверс алмасын дүние жүзінің ғалымдары алмалардың Анасы, гендік қоры деп өте жоғары бағалайды.


— Гендік қор деген не?


— Әлгінде айттым ғой, алмалардың түпкі Анасы деп. Біз сияқты мәдени тұқымдардыңжер жүзінде 6мыңнан астам сұрыбы бар екен. Олардың бәрі де уақыт өте келе, табиғат пен экологияның, химикаттар мен дәрілердің, аурулардың әсерінен тұқымы азып, құрып кетуі мүмкін. Ал, Сиверс апаң сияқты жабайы алмалар табиғи түрде өз-өзін жаңартып, жақсартып, жетілдіріп отырады. Ыстыққа шыдамды, суыққа төзімді, оның үстіне алманың жаңа сұрыптарын алуға, мәдени алмаларды жаңартып, жаңғыртып отыруға өтеқолайлы. Жалпы, жаңа сұрыптар алу үшін будандастыру мақсатында біздің Сиверске қызығып, «құда түсіп» жүрген елдер көп.


— Ол жұрттар неге біздегі жабайы көшеттерді өз елдеріне апарып отырғызбайды?


— Талайы өз елдеріне апарып отырғызған, бірақ ешқайсысы жерсінбеген, өспей қурап қала берген. Біздің Сиверстің отаншылдығын содан біле бергін.


— Әй, құрбым, сен мені қатты мақтап кеттің. Шынтуайтына келгенде, өзің де отаншылсың, өзге жұрттар біздегідей апортты өз жерлерінде қанша баптаса да өсіре алмай келеді ғой. Олар қатты қызығатындай, әлгі 6 мыңнан астам сұрыптың ішіндегі ең ерегі де өзің емессің бе. Баланың басындай ірі жемістерің, көздің жауын алатын алқызыл түсің, мұрын жарған жұпар иісің, тіл үйірер тәтті де сүйкімді дәміңнің өзі қандай керемет! Германия, Франция, Ұлыбритания, Венгрия, Ресей сынды халықаралық көрмелерде жемістерің әрдайым алтыннан алқа тағып, әлемдік дәрежедегі ең жақсы деген атақты да алған сенің жемістерің емес пе.


— О-о, қандай ғажа-ап! — деп Алма шыдай алмай шешесіне сүйсіне қарады. — Анашым менің, сен туралы да қызық әңгімелер көп екен ғой! У-у-й! — деп діңінен қапсыра құшақтай алды


— Ұмытып барады екем, мына бір қызық жай есіме сап етіп түскені, — деп оған мейірлене, күлімдей қараған Сиверс сөзін қайта жалғады. — 1913 жылы Ресей империясын 300 жыл бойы билеп келген Романовтардың патша әулеті осы мерейтойдың құрметіне ұлан-асыр той жасайды. Әлемдік көлемде өтіп жатқан бұл тойға қазақ даласынан қырық шақты адам шақырылған екен. Олар тойға әр түрлі сый-тартумен бірге біздің Алатаудың да апортын алып барады. Олардың әр қайсысының салмағы 1200 — 1300 грамнан шыққан еді! Тойға жиналған қауым сол жерде өлшеп көріп, біздің Апортқа таң қалысады! Небәрі 300 грамның айналасындағы өздерінің «Антоновка» сияқты алмаларын ғана көріп жүрген жұрт риза болғаны соншалық: «Мұны біздің патшайымның құрметіне «Александра» деп атайық! » дейді табанда. . . Міне, біздің әулеттің атын асқақтатып жүрген Апорттың осындай кереметтеріне қалай тамсанбассың!


— Асыра мақтады деп осыны айтады.


— Қалай мақтасам да қаны тамған шындықты айтып отырмын емес пе! . .


— Ал маған мұның бәрі өте ғажайып, әйбат әңгімелер! ! ! Ал, апалар, айтыңдаршы, сонау төмендесайдың тасындай болып ағараңдап жатқан қаланың атын неге Алматықойған? Ол да бізге байланысты ма! ? — деп, Алманың көзі күндей жарқырап жайнап кетті.


— Оның жөні былай, — деп әңгіменің кезегін Апорт алды. — Біздің осылай апорт болып дәурен сүріп жүргеніміз беріден, яғни, ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан басталады ғой. Ал, Сиверстің әлемді аузына қаратып дүркіреп жүргеніне мыңдаған жылдар куә. Күні кеше қаланың тарихи жерлерін қазып жүрген археолог деген ғалымдар көне мыс теңгелерді тауып алыпты. Сол теңгелерді мың жыл бұрын осы қаланың өзінен басып шығарыпты. Оның бетіндегі арабша жазу «Алмату» деп оқылыпты. Яғни, қала мың жылдан аса уақыттан бері Алматы деп аталып келе жатыр деген сөз. Сол уақыттан бері бұл қала алмасымен даңқы шығып, осылай аталса керек. Көне замандардан бері дәуірлеп тұрған Ұлы Жібек жолы арқылы Алатаудың алмалары әлемге таралып, бұл қала алманың Атасы атанса керек. Содан да бүгінгі Алматының рәмізінде Алма гүлі бейнеленген.


— Со-лай, — деді Сиверс те үнсіз қала алмай. — Алматының атын шығарған апорт десек, апорттың атын асқақтатқан Алматы екендігі айтпаса да белгілі. Бейнелеп айтқанда, Алматы мен апорт егіз ұғымға айналған!


— Иә — ә! . . — деп тамсанды Алма. — Екеуіңнің керемет қызықты әңгімелеріңнен көп нәрсеге қанықтым ғой! Жұмақтан түскен жеміс. . . Дүние жүзін таң қалдырған Апорт. . . Сиверс — алмалардың Анасы. . . Алмалардың Атасы. . . Алматы мен апорт егіз. . . — деп қиялға беріліп тұрды да, әсерленгені сондай:


Алма ағаштың гүліндей-ау,


Текеметтің түріндей-ау! . . — деп әндетіп, шыр көбелек айналып билей жөнелді.


Кеңес Оразбекұлы (1956 ж.т.) — жазушы. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы «Дарбаза» кеңшарында туып-өскен. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Республикалық «Егемен Қазақстан» (1989-1991), «Ұлан» газетінде (1991-2004) қызмет еткен. «Ертегі туралы ертегі» (1993), «Ай аттары қайдан шыққан?», «Мүшел жас» (2002), «Наурыз көже» (2007), «Қанатты сөз – қазына» (2010), «Тұран баһадүрлері немесе Ер, Би, Нұрдың ерлік жорықтары» (2010) кітаптарының авторы. Алматы қалалық әкімшілігі (2005) мен «Бөбек» қоры ұйымдастырған (2006) республикалық бәйгелердің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» және Қазақстан Кинематографистер одағы жариялаған сценарийлер конкурсы (2009) мен халықаралық «Дарабоз» бәйгелерінің (2009) жүлдегері.