Әлемдегі ЕҢ ҚАУІПТІ жағажайларды білесіз бе?

0
69 542

Бұл жағажайларда жантүршіктірер оқиғалар орын алған.


Әлемдегі ЕҢ ҚАУІПТІ жағажайларды білесіз бе?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жағалауға жақын жүзетін акулалар, суда бар-жоғы білінбейтін қолтырауындар мен улы медузалар – жағажай демалысы үшін ең қауіпті хайуанаттар болып саналады. Ал, сол жыртқыштар әлемдегі кейбір ондаған жыл бұрын радиацияның салдарынан дамымай қалған және экологиялық тұрғыдан таза жағажайларға жақын жүреді. Сондықтан, жағажайдың қауіпті не қауіпсіз екенін экологиялық ахуалына қарап емес, мамандардың нұсқауы бойынша анықтаған дұрыс.


Зиполите жағажайы, Мексика

Планетадағы ең қауіпті жағажайлардың бірі ретінде Мексикадағы Зиполит, яғни "өлі жағалауды" атауға болады. Бұл жер сырттан қарағанда тартымды болғанымен, су астында тіпті ең тәжірибелі жүзгіштер жеңе алмайтын ағымдар жүріп жатады. Әдетте, ағымдардың мұндай әсері жазда байқалады. Дегенмен, Зиполите жағажайы жазда да бос болмайды. Ол жерге көбіне нудисттер мен хиппилер, сондай-ақ тыныш және адам аз ортада демалуды жөн көретіндер жиі барады.

Жағажай Зиполите қаласының аумағында орналасқан, оның ұзындығы шамамен 1500 метр. Жағажайда туристер үшін арзан бағасымен ерекшеленетін бірнеше мейрамханалар мен шағын қонақ үйлер салынған.

Бұл жағажайда көптеген жылдар бойы адам өлімі орын алып келеді. Себебі, суасты ағыстарына қарсы күресте құтқарушылардың өзі дәрменсіз болып қалады. Сол себепті жағажайдың барлық жеріне шомылуға тыйым салынған белгілер орнатылған. Алайда, көптеген келушілер оларға назар аудармайды екен.

Жалпы, суға шомылмайтын адам үшін Зиполите ең қауіпсіз және жағымды демалыс орны болады. Дегенмен, жергілікті саудагерлер сататын есірткіден абай болу қажет.



Атолл Бикини, Маршалл аралдары

Шексіз де шетсіз Тынық мұхитының аумағында орналасқан Маршалл аралдары экзотикалық жерлерде демалушылар арасында бұрыннан танымал. Ал, архипелагтың құрамына кіретін Бикини Атолл жағажайы демалу үшін өте қауіпті болып саналады. Себебі, 1946 жылы АҚШ ғаламат аралды ядролық сынақ орны етіп белгілеп, оның аумағында 12 жылдан астам уақыт бойы 65 рет сутегі мен атом бомбалары сыналған. Соның әсерінен мұндағы радиацияның деңгейі өте жоғары. Бір қызығы, соншалықты лас аумақтан көшпей қалған оншақты тұрғын бар екен.


Чиньсей жағажайы, Қытай

Гонконгтағы әйгілі Чиньсей жағажайы – ғаламшардағы ең лас және қауіпті жағажайлардың бірі. Себебі, ХХ ғасырдың басында жағалау маңында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, барлық қалдықтар теңізге тасталған. Сөйтіп, ондаған жылдар бойы керемет әрі қауіпсіз демалыс орны болған жағалау қорқынышты полигонға айналған. Яғни қазір Чиньсай жағажайында жүзу өте қауіпті.

Жағалауға жақын жерде Гонконгтың жаңа әрі беделді аудандарының бірі орналасқан. Мұнда көптеген әдемі ғимараттар, беделді мейрамханалар мен сауда орталытары бар. Оның үстіне, бірнеше жылдан бері жағалау қоқыстан тазартыла бастады. Суды тазарту бойынша да маңызды шаралар қабылданған.

Чиньсей жағажайы таяз болғандықтан балаларды да тартып тұрады. Жағажайдың тағы бір ерекшелігі – балық мейрамханаларының көптігі. Олардың мәзірі тіпті тәжірибелі гурмандарды да таңқалдырады. Демек, мұнда сирек кездесетін теңіз тағамдарынан дәм тату үшін келетіндер де көп.



Кейбл жағажайы, Австралия

Әлемдегі ең қауіпті жаңажайлардың бірі – австралиялық Кейбл. Ол мұндай «мәртебеге» аумағындағы қолтырауындардың арқасында ие болған. Кейбл жағажайы тартымды табиғатымен, футуристік ландшафттарымен әйгілі. Бірақ, жағажайдың кейбір аумақтарында гидтің көмегінсіз жүруге қатаң тыйым салынады. Брум қаласының маңында орналасқан, ұзындығы шамамен 22 шақырымды құрайтын жағалаудың едәуір бөлігіне ақ құм жайылған.


Соңғы жылдары жағажай аумағында бірнеше қайғылы оқиғалар орын алып, қолтырауындар жеп қойған адамдардың қалдықтары табылған. Тіпті, кейбір куәгерлер осы қауіпті жыртқыштарды бейнетаспаға түсіріп алған. Жағажай өте ұзын болғандықтан, оның кейбір бөліктері шөлді және қолтырауындар үшін қолайлы мекенге айналған екен.

Көптеген жылдар бойы Австралияда қолтырауындарды өлтіруге тыйым салынып келеді. Сол себепті де жыртқыштар көбейген.



Вирджиния жағажайы, АҚШ

Америка Құрама Штаттарындағы Верджиния жағажайы өте әдемі және тартымды орын. Бірақ, онда демалушылар өте сирек кездеседі. Мұның себебі – жабайы түлкілер. Олардың шабуылынан көптеген адам зардап шеккен.

Бірнеше жыл бойы танымал болған жағалауда табиғи қалпын сақтаған аумақтар да бар. Ол жердегі жабайы жануарлар мен жәндіктердің тістеуі немесе шағуы қауіпті ауруларды тудыруы мүмкін.

Дегенмен, бұл АҚШ-тағы экологиялық тұрғыдан ең таза курорттардың бірі.



Оаху жағажайлары, Гавайи

Гавайидағы Оаху аралы жағажай демалысы мен серфингті сүйетіндер арасында өте танымал. Дегенмен, тәжірибелі спортшылар мен әуесқой серферлер ауыр жарақаттар алатын бұл жағалау қауіпті орын болып саналады. Оның себебі – су астындағы күшті ағымдар мен қауіпті толқындар.


Көптеген адамдар осындағы Pipeline Beach жағажайын әлемдегі ең қауіпті орын деп санайды. Өйткені, жағалаудың осы бөлігінде толқындардың биіктігі 4 метрге дейін жетеді екен.

Суға шомылу маусымы таяуда басталады. Сондықтан, баратын жағажайды алдын ала зерделеп алған абзал.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Бұл елдердің туристік әлеуеті ДҰРЫС БАҒАЛАНБАЙ ЖҮР. Әйтпесе...


Ұшақпен мұндай заттарды тасымалдауға ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ