​Азия дәмі: кокостан қандай ерекше мәзірлер дайындалады?

0
294

Кокос тек дәмді емес, пайдалы да өнім.


​Азия дәмі: кокостан қандай ерекше мәзірлер дайындалады?

фото: ЖИ

Азия елдеріне саяхат жасасаңыз, сзді тек әсем табиғат пен бай мәдениет емес, сонымен қатар ерекше дәмдер әлемі де таңғалдырады. Солардың ішінде кокос – нағыз «дәм патшасы» деуге болады. Бұл жеміс тек сусын ғана емес, талай ұлттық тағамның басты ингредиенті. Азия елдерінде кокос – тек тағам емес, тұтас өмір салтының бір бөлігі. Оның суы, сүті, еті, тіпті қабығына дейін кәдеге жаратылады.


Тайланд: тәтті мен ащының үйлесімі

Таиланд асханасында кокос сүті – ең көп қолданылатын өнімдердің бірі.

Ең танымал тағамдардың бірі – Tom Kha Gai (тауық еті қосылған кокосты сорпа). Бұл тағамда кокос сүті, лимонграсс және саңырауқұлақтар қосылып, ерекше хош иіс береді.

Ал десерт ретінде Mango Sticky Rice – кокос сүтімен дайындалған тәтті күріш пен піскен мангоның үйлесімі туристердің сүйіктісіне айналған.


Үндістан: дәмдеуіштер мен кокос үндестігі

Үндістан елінде кокос әсіресе оңтүстік аймақтарда кең қолданылады. Мысалы, кокос чатниі – түрлі дәмдеуіштермен араластырылған ұнтақталған кокос. Ол көбіне дәмді құймаққа ұқсас доса тағамымен бірге беріледі. Сондай-ақ, карри тағамдарының көпшілігі кокос сүтімен дайындалып, жұмсақ әрі қанық дәм береді.


Индонезия: ұлттық тағамның жүрегі

Индонезия асханасында кокоссыз бірде-бір мәзір болмайды десек артық емес.

Rendang – кокос сүті мен дәмдеуіштерде ұзақ бұқтырылған сиыр еті. Бұл тағам әлемдегі ең дәмді тағамдардың бірі ретінде жиі аталады.

Ал кокос үгіндісіне аунатылған тәтті бәліштер жергілікті халықтың сүйікті асы.


Филиппин: қарапайым әрі дәмді

Филиппин елінде кокос сүті «gata» деп аталады.

Ginataang gulay – көкөністер мен теңіз өнімдері қосылған кокосты тағам. Бұл – пайдалы әрі жеңіл ас. Сондай-ақ, кокос сүтінен жасалған тәтті сорпалар да кең таралған.


Вьетнам: нәзік дәм мен жеңілдік

Вьетнам асханасы жеңілдігімен ерекшеленеді.

Кокос сүті көбіне десерттерде қолданылады. Мысалы, Che деп аталатын тәтті сусын немесе десерт – бұршақ, жеміс және кокос сүтінің ерекше үйлесімі.


Шри-Ланка: кокос – күнделікті ас

Шри-Ланка елінде кокос күн сайын қолданылатын өнім.

Мысалы, Pol Sambol – үгітілген кокос, чили және лайм қосылған ащылау салат, Kottu Roti – нан, көкөніс және етке кокос қосылып дайындалатын тағам жиі әзірленеді.


Малайзия: көше тағамдарының жұлдызы

Малайзия асханасында кокос ерекше орын алады. Банан жапырағына оралған кокосты тәттілер – жергілікті базарлардың сәні. Сондай-ақ, Nasi Lemak аталатын кокос сүтімен пісірілген күріш – ұлттық тағамдары.


Жапония: заманауи тренд

Жапония елінде кокос дәстүрлі өнім болмаса да, соңғы жылдары трендке айналды. Кокос сүті қосылған кофе мен десерттер көптеген бұрыштарда сатылады әрі көшеде көп адамның қолынан көре аласың. Әсіресе, вегетариандық мәзірлерде кокос негізіндегі тағамдар көбейіп келеді.


Кокостың түрлері және қолданылуы

Азияда кокос бірнеше түрде пайдаланылады:

  • Кокос суы – табиғи, сергітетін сусын. Ағаштан жаңа жұлынған кокосты шаппашотпен тіліп, сыртқы қатты қабығынан аршиды да, түтікше тығып қояды. Кокостың көлеміне қарай, ішінде жарты литрге дейін шырыны болады.
  • Кокос сүті – қою әрі майлы, тағамдарға жұмсақ дәм береді.
  • Кокос кремі – десерттер мен тәттілерге арналған.
  • Кептірілген кокос (стружка) – тәтті тағамдарға қосылады.
  • Кокос майы – қуыруға да, косметикаға да пайдаланылады.
  • Кокос қосылған сусындар: кокос суы + лайм + жалбыз – табиғи лимонад, кокос сүті қосылған шай (bubble tea түрлері), жемістермен араластырылған кокос смузилері.
  • Кокос десерттері: кокос желесі, кокос балмұздағы, кокос қосылған күріш бәліштері, пандан жапырағымен дайындалатын кокосты тәттілер.

Кокос тек дәмді емес, пайдалы да өнім. Кейбір Азия елдерінде кокос ағашын «өмір ағашы» деп атайды. Себебі оның әр бөлігі адамға пайда әкеледі: тағам, құрылыс материалы, тіпті тұрмыстық зат ретінде де қолданылады.

Құрамында калий, магний мол. Табиғи энергия көзі бола алады әрі иммунитетті көтереді. Ас қорытуға жеңіл.

Азия елдеріндегі кокос тағамдары – тек ас емес, мәдениет пен дәстүрдің көрінісі. Әр ел өз дәмін қосып, кокостан ерекше туындылар жасайды. Сондықтан жолыңыз түссе, саяхат кезінде кокос қосылған тағамдарды міндетті түрде татып көріңіз. Көшеде жаңа жарылған кокос суын ішіп көріңіз. Кокос сүті қосылған ұлттық тағамдарға тапсырыс беріңіз. Жергілікті базарлардан кокосты десерттерден дәм татыңыз. Сол елдің рухын сезінудің бір жолы – осы.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Саяхатта қандай «редфлагтардан» сақтану керек?
Қонақүйдегі фенді қолдану неге қауіпті?