​Саяхатта қандай «редфлагтардан» сақтану керек?

0
303

Қонақүйдің "тосынсыйлары" да аз емес...


​Саяхатта қандай «редфлагтардан» сақтану керек?

Фото: e-mm.ru

Жақында туристер нөпірі ағылатын демалыс маусымы басталады. Ондайда жайбарақат тынығам деген арманыңыз кей жағдайлардың кесірінен көзден бұл-бұл ұшуы мүмкін. Сапар кезінде уақытты мәселелерді шешуге сарп етпей, демалып, жағымды әсер алуға көңіл бөлгің келеді. Сондықтан саяхатқа шығу нұсқаларын қарастырғанда «ред флаг» жағдайларды білу оларды алдын ала ескеруге, айналып өтетін жолдарды табуға көмектеседі.


Ұзын-сонар кезек

Танымал туристік орындардағы ұзын кезектерден қашуға болады. Ол үшін билетті алдын ала сатып алу жеткілікті. Егер бұл да көмектеспесе, бару уақытын дұрыс жоспарла: ең аз туристер таңертең ерте және кешкі уақытта болады. Сондай-ақ көрікті жерлерді жұмыс күндері аралаған жөн және гид жалдауға болады. Қосымша кеңестер:

  • Онлайн билет сатып алғанда “skip-the-line” (кезексіз кіру) мүмкіндігін ізде.
  • Кейбір музейлерде кешкі тегін сағаттар болады — соны зерттеп ал.
  • Туристік карталарды (city pass) қолдан — олар көбіне кезексіз кіруге мүмкіндік береді.
  • Танымал орындарға аптаның ортасында бару тиімді.
  • Ауа райын да ескер: жаңбырлы күндері туристер аз болады.


Рейстің кешігуі

Рейстердің кешігуі – жиі орын алатын мәселе. Әрине, әуежай қызметкерлеріне байланысты емес төтенше жағдайларды есепке алмаймыз. Бірақ басқа жағдайларда бұдан қашуға тырысуға болады. Мысалы, рейстері сирек кешігетін сенімді әуе компанияларын таңда. Сондай-ақ әрбір жолаушы әуежай қызметкерлерімен байланысып, ұшу уақыты, ұшақ түрі және ұшқыштың аты-жөні туралы нақтылай алады.

Қосымша кеңестер бәріне қажет болады:

  • Ұшуға кемінде 2–3 сағат бұрын кел.
  • Егер рейс кешіксе, авиакомпаниядан өтемақы талап ету құқығың бар екенін біл.
  • Қосымша қуаттағыш (power bank) алып жүр.
  • Маңызды заттарды (дәрі, құжат, зарядтағыш) қол жүгінде сақта.
  • Таңғы рейстерді таңда — олар сирек кешігеді.


Негізгі көрікті орындардың жабық болуы

Бұл – жоспарды бұзатын ең жағымсыз жағдайлардың бірі. Тап келмес үшін кеңестерге көз салыңыз:

  • Google Maps немесе ресми сайттардан жұмыс уақытын тексер.
  • Таңертең барсаң, әрі ашық болады, әрі адам аз.
  • Мереке күндерін алдын ала қарап шық.
  • Бір орын жабық болса, балама нұсқаларды жоспарлап қой.
  • Кейбір жерлер алдын ала бронь талап етеді — соны ескер.


«Тегіннің» қармағына түсу

Ойын-сауық болсын, зат немесе қызмет сатып алуда қызықтыратын «тегін» деген ұсыныстар көбіне алдау болуы мүмкін. Көшеде сувенир немесе ойын-сауық ұсынатын жергілікті сатушылардың айласына алданба. Көбіне олар бағаны бірден айтпай, туристерді қызықтыруға тырысады. Тәжірибесіз саяхатшылар келісіп, кейін қомақты ақша төлеп қояды. Мысалы, Италияда бейтаныс адам білегіңе білезік тағып, оны сыйлық деп айтып, кейін ақша талап етуі мүмкін.

Қармағына түсіп сан соғып қалмау үшін:

  • Бейтаныс адамдармен физикалық байланыстан (қолға бір нәрсе тағу, беру) аулақ бол.
  • Ресми дүкендер мен лицензиясы бар қызметтерді ғана пайдалан.
  • “No, thank you” деп нақты әрі сенімді жауап беруді үйрен.
  • Құнды заттарды (телефон, әмиян) көрінбейтін жерде ұста. Туристер көп жерлерде «тегіннің» жарнамасымен арбап тұрып, қалтаны тазалап кететін ұрылары жиі болады.


Қонақүйдің тосынсыйлары

Күткенің мен шынайы жағдай сәйкес келмесе, көңіл түседі. Әсіресе, ол бір барып, ұнамаса, кетіп қалатын жер емес, демалыс бойы қона жататын жатар орның болса.

Қосымша кеңестер:

  • Қонақүйдің соңғы пікірлерін (reviews) міндетті түрде оқы.
  • Қауіпсіз аудан екенін картадан қарап ал.
  • Нақты фотосуреттерді (қонақтардың түсірген) қара.
  • Орталықтан қашықтығын тексер.
  • Wi-Fi, кондиционер, ыстық су бар-жоғын нақтыла.


Жергілікті «гастрономиялық мафия»

Барлық мейрамханалар бірдей сапалы емес. Кейбірінің жарнамасы жер жарып, тамақтары тәбетті ашып, қызметкерлері асты-үстіңе түсіп, хандай кқтіп алады. Бірақ, осындай тұтынушы тарту ісіне баса көңіл бөлгендердің көбінде асханасы ақсап жатады. Тағамды безендіруі, ұсынуы мінсіз болуы мүмкін, алайда татып көргенде алғашқы әсер алдайтынын түсінесің. Сондықтан, бір қарағанда мінсіз боп көрінген, менюі бірнеше тілде жазылған, туристер үшін барлық жағдайды жасаған орындардан сақ бол. Дұрысы:

  • Жергілікті тұрғындар көп баратын жерлерді таңда.
  • Тамақ бағасын алдын ала қарап ал.
  • Google Maps рейтингін тексер (4.5+ жақсы белгі).
  • Туристік орталықтан сәл алыстау жерлер арзан әрі дәмдірек болады.


Таксистің қалтаңды қағуы

Қай елде болмасын, такси қызметі – туристерді алдау жиі орын алатын сала. Қалтасы қағылғандардың қатарынан болғың келмесе:

  • Uber, Yandex Go сияқты ресми қосымшаларды қолдан.
  • Маршрутты өзің де картадан бақылап отыр.
  • Отырмас бұрын бағаны нақтыла.
  • Таксометрдің қосылғанын тексер.
  • Қолма-қол ақша мен картаны алдын ала дайында.


Тиімсіз автокөлік жалдау

Автокөлік жалдауда менеджер аып айтпайтын, бірақ есепшотқа міндетті түрде қосатын жасырын төлемдер болуы мүмкін. Одан сақтану жолындағы кеңестер:

  • Көлікті алған кезде фото/видеоға түсір.
  • Танымал халықаралық компанияларды таңда.
  • Сақтандыру (insurance) шарттарын мұқият оқы.
  • Жанармай саясатын (толық бак/бос бак) түсін.
  • Депозит сомасын алдын ала біл.


Қозғалысқа қатысты мәселелер

Қоғамдық көлік тиімді, қаражатты үнемдеуге біраз көмегі тиеді. Тек мына кеңестерді іске асырған жағдайда:

  • Қала көлік қосымшаларын жүктеп ал (карта, маршрут).
  • Метро — ең жылдам әрі сенімді көлік түрі.
  • Бірнеше күнге арналған жол жүру картасын (pass) ал.
  • Қарбалас сағатында жолға шығу шығынға ұрындыратынын ұмытпа.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Қонақүйдегі фенді қолдану неге қауіпті?

АФРИКА САПАРЫ: «Күн құрсағындағы құрлыққа» ғашық қылатын 4 ел