Бұл ЕРЕЖЕНІ әр турист қатаң САҚТАУҒА ТИІС

0
4 908

Қай елде жүрсеңіз де, бәріне ортақ сақталуға тиіс қағидалар бар


Бұл ЕРЕЖЕНІ әр турист қатаң САҚТАУҒА ТИІС

Шетелге сапарға шығарда сол жақтың тәртібімен, ержесімен мұқият танысқан дұрыс. Себебі, бір мемлекеттерде қалыпты саналатын кей әрекеттерге екінші бір елде тыйым салынған болуы әбден мүмкін. Мәселен, Кубада қайыр-садақа беруге болмайды. Грекияда жүрсеңіз, алдыңызға тартылған тамақтан, Түркияда – шайдан бас тарту ас иесін сыйламағандық саналады. Жапонияда даяшыларға шайпұл берсеңіз айыптысыз, АҚШ-та бермесеңіз айыптысыз. Осындай қоғамдық қағидалар қайшылықтарын жақсы білмесеңіз, бөтен елде ыңғайсыз жағдайға тап болуыңыз аяқ асты.

Ал енді барлық елде бірдей сақталуға тиіс ережелер тағы бар. Олардың бастыларын біле жүріңіз.


Билік өкілімен сөз таластырмау

Барлық елде арнайы бір қызметкердің формасын киген билік өкіліне ашық түрде қарсы шығып, онымен сөз таластыруға болмайды. Бұл қатарға бірінші кезекте шекарашылар, кеденшілер, аэропорт қызметкерлері, тәртіп сақшылары, т.с.с. кіреді. Бір дағынан олармен дауласудан пайда да жоқ, өзіңіздің дұрыстығыңызды дәлелдеу қиынның қиыны. Есесіне, басыңызға бәле тілеп, жоқ жерден мәселе туындатып алуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан, сіздікі дұрыс, олардыкі бұрыс екеніне көзіңіз жетіп тұрса да, барынша жұмсақ әрі майда тілмен сөйлескен абзал. Сонда ғана өз құқығыңызды қорғап, дұрыстығыңызды дәлелдеп шығу мүмкіндігі пайда болады.

Мүлде шамаңыз келмей жатса, қызметкерге сыйлық не тағы басқалай жолмен шешуді ұсыну – үлкен қателік болады. Кей елдерде мұндай ұсыныстың соңы түрмеге жабумен аяқталуы да мүмкін. Сондықтан, мәселені өз «майда тіліңізбен» шеше алмасаңыз, елшілікпен байланыстыруын сұраңыз.


Арақашықтық сақтау

Біздің елімізде баланың бетінен шымши салу, бейтаныс адаммен бір таксиге отыру, қоғамдық орында өзгелерді көзбен шолып, бастан-аяқ бақылау қалыпты саналып кеткен. Алайда, бұл барлық елде сондай дегенді білдірмейді. Кей мемлекеттерде арақашықтық сақтау, өзгенің шекарасын бұзбау қағидасы қатаң сақталады. Мәселен, Швецияға барсаңыз, қоғамдық көлікке мінгенде мүмкін болса басқа жолаушымен қатар отырмауға тырысқан жөн. Бос орындар көп болса, араға бір орындық тастап барып жайғасыңыз. Жапонияда жүрсеңіз, басқа адамдармен денеңіз түгілі, көзқарастарыңыздың да түйіспеуін қадағалаңыз. Яғни, бейтаныс адамға тым жақын отырып-тұру, жүру былай тұрсын, көзіңізді де тіктеп қарамаңыз. Бөтен елдің балаларын қанша жерден жақсы көріп тұрсаңыз да, оны құшақтап-сүюге, бетінен шымшуға мүлдем болмайды. Тек сөзбен еркелетуге ғана болады, онда да ата-анасының рұқсатымен.


Рұқсатсыз суретке түсіру

Турист деген – біздің ұғымымызда кез келген уақытта қолына фотоаппаратын ала салып, кез келген жерді, дүниені суретке түсіре беретіндей. Алайда, шын мәнісінде олай емес. Көптеген елдерде белгілі бір жерлерді, көрнекі нысандарды суретке түсіруге тыйым салынған. Немесе, тек рұқсатпен түсіруге болады. Фотоаппаратыңызды алмас бұрын, осы жағын анықтап алыңыз.

Сондай-ақ, қай елде, қай жерде жүрсеңіз де, бейтаныс адамдарды өздерінің рұқсатынсыз суретке түсіруге мүлде болмайды. Африка және Азияның кей елдерінде әйелдерге, полицейлерге және құлшылық жасап отырған адамға, АҚШ-та балаларға камера бағыттауға тыйым салынған. Олардан рұқсат сұрамасаңыз да болады, көп жағдайда оған қол жеткізе алмайсыз. Бұл ережелерді бұзсаңыз, кадрда бейнеленіп қалған адам сіздің үстіңізден шағымдануға толық құқылы. Мұндай жағайда айыппұл төлеп, тіпті қамауға алынуыңыз да мүмкін.


Тамақтануға қатысты қағидалар

Көбіне «бәрі қосулы» қызметін пайдаланған туристер тегін тамақты ысырап жасап жатады. Айталық, тәрелкеге анадан да, мынадан да толтыра салып алу. Көзі тоймай, тағамның түр-түрін үйіп алғанмен, өзі тойған соң оның біразы қалып қояды. Бұл әрекетті ешбір елде құптамайды. Сондықтан, қалағаныңызды қарныңызға сыятындай мөлшерде ғана алған абзал. Бір алғанда бәрін жапырмай, қайта-қайта барсаңыз да, негізгі асқа, десертке, сусынға – әрқайсына бөлек-бөлек барып алыңыз.

Әдетте, алдыңыздағы асты тауысып жеу жақсы мәнер саналады. Алайда, барлық елде бірдей емес. Мәселен, Болгарияда тамақтанғанда тәрелкеңізде жарты қасық болсын ас қалмаса, бұл қонақтың әлі тоймағандығы саналады. Сондықтан, тауысып жеген қонаққа үй иесі қайта-қайта үстемелеп салып әлек болады.

Тағы да «бәрі қосулы» қызметін пайдаланған туристер жайлы. Оларға қонақүйде әр тамақтану уақыты белгіленеді. Сол уақыттан кешікпеген жөн. Егер кешігіп келіп тамақтанатын болсаңыз, бұл туралы әкімшіге алдын ала хабарлап, құрғақ астан алып қоюын өтінуіңізге болады. Алдын ала ескертпеген болсаңыз, аш қалсаңыз да ешкімге өкпе артпаңыз.

Бірреттік тәрелкені қайта-қайта қолдану да мәдениеттілік қағидаларына қайшы. Мұндай ыдыспен бір рет ас ішкен соң, тура сол тағамды қайта алар болсаңыз да, бүлінгенін қоқысқа тастап, екінші порцияны тазасына салуды ұмытпаңыз.

Тауыса алмайтындай артық тағам салып алып, кейін оны қонақүй аумағынан тыс жерлерге алып шығу да дұрыс іс емес. Тамақ та басқа барлық заттар сияқты қонақүйдің меншігі. Сондықтан, бұл әрекет ұрлықпен барабар.

Бұл – туристен талап етілетін ереженің ең негізгілері. Бұдан да басқа ескеруге, сақтауға тиіс қағидалар қатары біршама және олардың мазмұны да түрліше. Шетелге шықпас бұрын жасалуға тиіс тыңғылықты дайындықтың бір бөлшегі ережелермен танысу екенін есте ұстаңыз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Ғани НАЗАРБЕК: «Біздің халықта ТУРИСТІК САУАТТЫЛЫҚ қалыптаспаған»


Осындай аралда өмір сүрер ме едіңіз?