Жылына 106 миллион ЖОЛАУШЫ: әлемдегі ең ірі ӘУЕЖАЙлар

0
208


Жылына 106 миллион ЖОЛАУШЫ: әлемдегі ең ірі ӘУЕЖАЙлар

Фото: image.newsru.com

Әуе қатынасына сұраныс артқан сайын, ірі әуежайлардың жұмысы да қыза түсуде. 2025 жылдың соңындағы санақта жыл бойына әлем бойынша шамамен 9,8 миллиард адам ұшақпен саяхаттағаны белгілі болды.Кейбір әуежайлар жылына ондаған миллион жолаушыға қызмет көрсетіп, әлемнің түкпір-түкпірін бір-бірімен байланыстырып отыр.

Халықаралық әуежайлар кеңесінің есебінше, жолаушылар ағыны бойынша әлемдегі ең ірі әуежайлардың қатарында АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Жапония, Қытай және басқа елдердің әуе айлақтары бар. Олардың кейбірі жолаушы саны бойынша алдыңғы орынға шықса, енді біреулері ыңғайлы транзиттік бағыттарымен, ерекше сәулетімен немесе қызықты қызметтерімен танымал. Ендеше, жыл сайын миллиондаған саяхатшыны қабылдайтын әуежайлармен танысайық.


1-орын – Хартсфилд-Джексон Атланта халықаралық әуежайы, АҚШ

2025 жылғы жолаушылар саны – 106,3 млн

Атланта әуежайы – жолаушылар басқа ұшаққа ауысып мінетін ірі орталықтардың бірі. Ұзақ жылдар бойы әлемдегі ең көп жолаушы қабылдайтын әуежай атанып келеді. Мұнда АҚШ-тың 150-ден астам қаласына және 70-тен астам халықаралық бағытқа ұшуға болады.

Қызықты дерек: әуежайдың бірнеше терминалын жер астындағы арнайы пойыз байланыстырады. Ол жолаушыларды бір бөліктен екіншісіне жылдам тасымалдайды. Әуежайда 190-нан астам ұшақ қақпасы бар.


2-орын – Дубай халықаралық әуежайы, Біріккен Араб Әмірліктері

2025 жылғы жолаушылар саны: 95,2 млн

Мұнда келген адамдардың едәуір бөлігі Дубайға демалуға емес, басқа елге ұшу үшін аялдайды. Яғни жолаушылар бір ұшақтан түсіп, келесі рейске ауысады.

Әуежайдың танымал орындарының бірі – Dubai Duty Free, баж салығынсыз сауда жасау аймағы. Мұнда парфюмерия, косметика, тәттілер, электроника және басқа да тауарлар сатылады.

Қызықты дерек: жолаушылардың басым бөлігі Дубай әуежайында ұшақ күтіп отырған уақытты сауда жасауға немесе тамақтануға жұмсайды. 2025 жылы осы сауда аймағынан туристер 719 тонна дубай шоколадын сатып алғаны туралы дерек бар.


3-орын – Токио Ханэда халықаралық әуежайы, Жапония

2025 жылғы жолаушылар саны: 91,7 млн

Токионың Ханэда әуежайы Жапонияның ішкі рейстері үшін де, халықаралық сапарлар үшін де маңызды көлік орталығы. Тазалығы мен тәртібі үшін жиі жақсы пікірге ие болады.

Қызықты дерек: халықаралық терминалдың ішінде ескі Токио көшелерін еске түсіретін Edo Koji аймағы бар. Ондағы дәстүрлі жапон сәулеті үлгісімен безендірілген мейрамханалар мен тамақтану орындарынан жолаушылар рамен, якитори және соба сияқты ұлттық тағамдарды татып көре алады.


4-орын – Даллас/Форт-Уэрт халықаралық әуежайы, АҚШ

2025 жылғы жолаушылар саны: 85,7 млн

Даллас пен Форт-Уэрт қалаларының арасында орналасқан бұл әуежайдан 260-тан астам бағытқа ұшуға болады. Олардың ішінде АҚШ қалаларына қатынайтын рейстер де, халықаралық бағыттар да бар.

Қызықты дерек: әуежайдың аумағы өте үлкен болғандықтан, терминалдар арасында қатынайтын арнайы Skylink пойызы жұмыс істейді. Ол жолаушылардың ұшақ ауыстырған кезде бір терминалдан екіншісіне жылдам жетуіне мүмкіндік береді.


5-орын – Шанхай Пудун халықаралық әуежайы, Қытай

2025 жылғы жолаушылар саны: 85 млн

Бұл әуежай Шанхай қаласын әлемнің көптеген мемлекетімен байланыстырады. Жолаушылардың бір бөлігі басқа ұшаққа ауысып міну үшін келсе, тағы бір үлкен бөлігі Қытайға жұмыс, оқу немесе демалыс мақсатында сапар шегеді.

Қызықты дерек: әуежайдың жолаушыларға қызмет көрсету мүмкіндігін арттыру үшін жаңа терминалдар мен инфрақұрылымды кеңейту жоспарлары тоқтаусыз қарастырылады. 2028 жылы «Қалықтаған құс» деп аталатын үшінші терминал ашылуы жоспарланған. Оның иілген сәулеттік пішіні ұшып бара жатқан құсты еске түсіреді деген сипаттама берілген.


6-орын – Чикаго О’Хара халықаралық әуежайы, АҚШ

2025 жылғы жолаушылар саны: 84,9 млн

Чикагодағы О’Хара әуежайы жолаушылар саны бойынша ғана емес, ұшақтардың ұшып-қону жиілігі бойынша да әлемдегі жетекші әуежайлардың қатарына кіреді. 2025 жылы ұшақ қозғалысының саны бойынша бірінші орынға шыққан.

Қызықты дерек: О’Хара әуежайындағы ең ерекше орындардың бірі – «Sky's the Limit» деп аталатын жарық инсталляциясы. Жарықтар мен әуен үйлесім тапқан бұл кеңістік жолаушыларға өзгеше әсер сыйлайды.


7-орын – Лондон Хитроу әуежайы, Ұлыбритания

2025 жылғы жолаушылар саны: 84,5 млн

Хитроу әуежайы көптеген халықаралық бағытты байланыстырады. Сол себепті ол Еуропа мен әлемнің басқа бөліктері арасында сапарлайтын адамдар үшін маңызды орынға ие.

Әуежайдың жүктемесі жоғары болғандықтан, қосымша ұшу-қону жолағын салу мәселесі ондаған жыл бойы талқыланып келеді. Әуежайдың тағы бір ерекшелігі – мұнда халықаралық рейстердің үлесі жоғары. Сондықтан жолаушыларға төлқұжат бақылауы, багаж және рейстер арасындағы уақытты дұрыс жоспарлау маңызды.


8-орын – Ыстанбұл халықаралық әуежайы, Түркия

2025 жылғы жолаушылар саны: 84,4 млн

Ыстанбұл халықаралық әуежайы Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды көлік торабы саналады. Түркияның географиялық орналасуы оны әртүрлі құрлыққа ұшатын жолаушылар үшін ыңғайлы етеді. Әуежай арқылы миллиондаған адам басқа бағытқа ауысып мінеді.

Қызықты дерек: Turkish Airlines әуе компаниясы транзиттік жолаушыларға Ыстанбұл қаласымен танысуға арналған Touristanbul деп аталаын тегін экскурсия ұсынады. Экскурсия бағыты мен уақытына қарай туристер қаланың тарихи орындарын, соның ішінде Көк мешітті, Айя-Софияны немесе Үлкен базарды көре алады. Бұл бағдарлама транзиттік сапарды шағын саяхатқа айналдыруға мүмкіндік береді.


9-орын – Гуанчжоу Байюнь халықаралық әуежайы, Қытай

2025 жылғы жолаушылар саны: 83,6 млн

Гуанчжоу Байюнь әуежайы Қытайдың оңтүстігіндегі ірі авиациялық орталықтардың бірі. Әуежай арқылы ішкі және халықаралық бағыттарға ұшуға болады.

2025 жылдың соңында әуежайда үшінші терминал мен бесінші ұшу-қону жолағы ашылған. Егер бұл нысандар толық пайдалануға берілсе, әуежайдың жолаушылар мен ұшақтарға қызмет көрсету мүмкіндігі қазіргіден де едәуір артады.


10-орын – Денвер халықаралық әуежайы, АҚШ

2025 жылғы жолаушылар саны: 82,4 млн

Денвер халықаралық әуежайы АҚШ-тағы аумағы ең үлкен әуежай ретінде танымал. Аумағы шамамен 140 шаршы шақырым деп көрсетіледі. Бұл көптеген қаланың орталық бөлігінен де үлкен аумақ. Әуежай АҚШ ішіндегі рейстерге де, халықаралық бағыттарға да қызмет көрсетеді.

Қызықты дерек: әуежай терминалының төбесі қар басқан тауларға ұқсайтын ақ шатырлармен безендірілген. Бұл сәулеттік шешім Колорадо штатының табиғатын, әсіресе Жартасты тауларды еске түсіреді.


Салыстыру үшін...

ҚР Көлік министрлігінің 2025 жылдың қорытындысына арналған хабарламасында еліміздің әуежайлары бір жылда 31,8 миллион жолаушыға қызмет көрсеткені жазылған. Соның ішінде елеулі үлесті 12 млн жолаушы тасымалдау көрсеткішімен Алматы халықаралық әуежайы алады. Ал Астана халықаралық әуежайы 9,2 млн сапарды жүзеге асырған. Бұл көрсеткіштерге қарасақ, Қазақстан туризмі мен әуе тасымалы салаларын алда әлі талай жұмыс, өсу мен асулар күтіп тұрғаны мәлім.

Саяхат жоспарлағанда рейстер арасындағы уақытқа, терминалдардың орналасуына, қала орталығына жету жолына және қолжетімді қызметтерге де назар аударған жөн. Кейде әуежайда бірнеше сағат аялдау мүмкіндігі жаңа қаламен танысуға немесе жергілікті тағамдардан дәм татуға мүмкіндік береді.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ҚАЗАҚСТАНда өтетін дәстүрлі ТУРИСТІК ФЕСТИВАЛЬдер