Дәстүрлі туристік фестивальдер тек демалыс пен көңіл көтеру үшін ғана ұйымдастырылмайды.
көрнекілік сурет: ЖИ
Таңдай қақтыратын тбиғаты мен ғасырлар тереңінен тамыр тартқан мәдениеті бар Қазақстан – туризмнің сан түрін дамытуға мүмкіндігі мол мекен. Соңғы жылдары елімізде ішкі және сыртқы туризмді жандандыру жолында туристік фестивалдер өткізу қарқын алып келеді. Кейбірі жыл сайын қайталанып келетін дәстүрлі сипатқа ие болған. Мұндай туристік фестивальдер елдің табиғи байлығы мен ұлттық мұрасын дәріптеп қана қоймай, мыңдаған отандық және шетелдік саяхатшылардың басын қосатын мәдени көпірге айналады.
«AI BRIDGE»
Жақында ғана, дәлірек айтсақ, қазан айының 1 мен 3-жұлдызы аралығында AI BRIDGE Astana фестивалі өткізілді. Бұл шара – цифрлық технологиялар мен инновациялардың болашағын өзек еткен халықаралық технологиялық форум. Бас қаламызға әлемнің бірнеше елінен шекара асып қонақтар мен сарапшылар келді. Форумның ерекшелігі жаһандық трендтер, инновациялар мен нақты тәжірибелердің тоғысып, ел мен өңірдің цифрлық болашағын қалыптастыруы.
«ШЫҒЫС САЛБУРЫНЫ»
8-10 қазан күндері Шығыс Қазақстан облысында ежелгі саятшылық өнеріне арналған «Салбурын» фестивалі өтті. Фестивальдің мақсаты – ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, табиғатты құрметтеу және ұрпақ сабақтастығын сақтау. Шара қонақтары бүркітшілердің өнерін, ұлттық ән мен жырдан, ұлттық ойындардан құралған шоу бағдарламаны, көрмелер мен жәрмеңкелерді тамашалап, қазақ этномәдениетімен сусындады.
«АЛТЫНЕМЕЛ – ҚҰЛАНДАР МЕКЕНІ»
Жыл сайын күзде өтетін «Алтынемел құландар мекені» фестивалі биыл 17 қазанға жоспарланған. Жетісу облысындағы «Алтынемел» ұлттық паркінде өтеді. Шараның мақсаты – сирек кездесетін жануарларды қорғауға назар аудару және адамның табиғатпен үйлесімді өмір сүре алатынын көрсету. Қонақтар парктегі экскурсияларға, ғалымдармен кездесулерге және экотурларға қатыса алады. Негізгі ерекшелігі – туристерге құландарды табиғи ортада көру мүмкіндігін ұсынуы.
«ALA CRAFT»
25 қазан мен 5 қараша аралығында Алматы қаласында «ALA CRAFT» халықаралық қолөнершілер фестивалін өткізу жұмыстары ұйымдастырылу үстінде. Фестивальге еліміздің өңірлерінен, сондай-ақ алыс-жақын бірнеше шет мемлекеттен қолөнер шеберлері мен өнер сүйер қауым жиналады. Шараның негізгі мақсаты – дәстүрлі қолөнерді заманауи үлгіде көрсету. Мәдени мұраны сақтай отырып, шығармашылық пен тәжірибе алмасуды дамыту. Қонақтарды шеберлік сыныптары, жәрмеңке мен көрмелер күтеді. Барлық қатысушылар шығармашылық үрдіске атсалысып, қолөнер туындыларында өз қолтаңбасын қалдыра алады.
«АҚМАРЖАН»
23-24 қазан күндері Қызылорда облысында «Ақмаржан» мерекесі өтеді. Шара облыс аумағында ауыл шаруашылық маусымының аяқталуына орай ұйымдастырылған. Фестивальде өңірдің үздік егіншілері марапатталады, ауыл шаруашылық жәрмеңкелері, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және түрлі ойын-сауық бағдарламалары өткізіледі. «Ақмаржан» фестивалі егіншілік, спорт пен мәдени мұраның тоғысуын, еңбек адамдарына деген құрмет пен өңір дәстүрлерінің байлығын насиғаттауға бағытталған.
«ҚАНСОНАР»
Ақмола облысы, Сандықтау ауданында 2010 жылдан бері «Қансонар» халықаралық турнирі үзілмей жалғасын тауып келеді. Дәстүрлі фестивальге мұрындық болған бастамашылар әйгілі бүркітші Мәсіп Батырханұлының құрметіне арнайды. Биылғы жылғы межесі 19-21 қазан күндеріне белгіленген.
Шараның мақсаты ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бүркітпен аң аулау дәстүрін сақтау және дамыту. Қонақтар спорттық сайыстарда құсбегілердің шеберлігін тамашалай алады, сондай-ақ бүркітшілермен кездесулер өтеді. Ал ең ерекше сәті – аңшы мен қыранның үйлескен әрекеті арқылы аң аулау үлгісін көрсету, көне дәстүр рухының айшықтала түсуі.
Қазақстанда туризмді дамыту, ұлттық мәдениет пен табиғи мұраны дәріптеу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі ауқымды фестивальдер қатары мұнымен бітпейді.
«Көшпенділер әлемі»
Этнографиялық және мәдени фестивальдердің көшін «Көшпенділер әлемі» бастайды. Шара жыл сайын Астана қаласы немесе Алматы облысы аумағында, күз айларында өтеді. Көшпенділер өркениетінің мұрасын жаңғыртатын халықаралық фестиваль бағдарламасында көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбыы ату, саятшылық (бүркітшілік), этно-ауылдар құру және дәстүрлі қолөнер шеберлерінің жәрмеңкелері көрініс табады.
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі»
Шығыс Қазақстан облысында (Катонқарағай, Берел) жаз айларында ұйымдастырылады.Атауы меңзеп тұрғандай, түркі тілдес халықтардың мәдениеті мен тарихына арналған фестиваль. Шара аясында этно-музыканттардың концерті, тарихи реконструкциялар мен шеберлік сабақтары өткізіледі.
Халықаралық «Қызғалдақ фестивалі»
Мұндай шаралар қатарында экологиялық және табиғи фестивальдер де бар. Айталық, Халықаралық «Қызғалдақ фестивалі». Күн жылынып, жер жаңаратын көктем мезгілінде Түркістан облысы (Түлкібас ауданы, Ақсу-Жабағылы) және Жамбыл облысында өтеді. Ақсу-Жабағылы өңірі – Грейг және Кауфман сияқты сирек кездесетін жабайы қызғалдақтардың отаны. Фестивальдің басты мақсаты осы «Қызыл кітапқа» енген гүлдерді қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру және эко-туризмді дамыту.
«Flamingo Fest» (Фламинго фестивалі)
Фламинго фестивалі Ақмола облысындағй Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында әр жылы күздің басында өткізіледі. Бастауын 2005 жылы алып, содан бері үздіксіз қуантып келе жатқан дәстүрлі экологиялық шара. Негізгі мақсаты – сирек кездесетін қызғылт фламинго құстарының табиғи мекенін сақтау. Қорық бойынша орнитологиялық экскурсиялар, ғылыми-ағартушылық кездесулер өтеді.
Қымыз фестивалі
Гастрономиялық және ұлттық өнімдер фестивальдері аясында еліміздің бірнеше өңірінде«Bai Qymyz», Қымызмұрындық шаралары өтеді. Ұлттық сусын – қымызды насихаттау, дайындау дәстүрлерін дәріптеуге елеулі үлес қосып келе жатыр. Жиын барысында шеберлер қымыздың әртүрлі түрлерін ұсынып, ұлттық тағамдар дайындаудан жарыстар өткізеді.
Дәстүрлі туристік фестивальдер тек демалыс пен көңіл көтеру үшін ғана ұйымдастырылмайды. Олар еліміздің брендін, бет-бейнесін қалыптастыратын жобалар. Әрбір фестивальдің өзіндік өрнегі мен танымдық салмағы бар. Осындай ауқымды шаралар өңірлік инфрақұрылымның дамуына серпін беріп, жергілікті кәсіпкерлікке жол ашады. Ең бастысы, олар келушілердің жүрегінде Қазақстанның табиғатына деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарға деген құрметті ұялатады.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
Тағы да оқыңыз:
САҚ БОЛЫҢЫЗ: Демалыстан үйге ПАРАЗИТтер "ЕРТІП КЕЛУІҢІЗ" мүмкін


