​ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСІ: ОТБАСЫ ӘЛ-АУҚАТЫН БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ

0
51

Жаңа тәсіл тек ресми табыстарды ғана емес, отбасындағы барлық әлеуметтік жағдайды кешенді түрде бағалай отырып, көмек көрсету жүйесін әділ әрі ашық етуге бағытталған.


​ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСІ: ОТБАСЫ ӘЛ-АУҚАТЫН БАҒАЛАУ ЖҮЙЕСІ

Қазақстанда әлеуметтік қолдауды әділ бөлу мақсатында отбасылардың өмір сүру деңгейін анықтайтын скорингтік модель енгізілуде.

Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы – Утебаева Жанат Өмірсейітқызы төмендегідей мәлімдеме жасады.
Бұл жүйенің басты ерекшелігі – отбасылардың нақты өмір сүру деңгейін жан-жақты бағалау арқылы шынайы мұқтаж жандарды анықтау. Бұған дейін көмек көрсету кезінде көбіне ресми табыс немесе тіркелген мүлікке ғана назар аударылса, жаңа модель одан әлдеқайда кең критерийлерді қамтиды. Ол тек қаржылық жағдайды ғана емес, әлеуметтік факторларды, отбасының тәуелді жүктемесін және көлеңкелі табыс көздерін де ескеріп, азаматтың шынайы тұрмыс жағдайын көрсетеді.

Бағалау төрт негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Біріншіден, материалдық жағдай – отбасының табысы, жылжымайтын мүліктері, автокөліктері және басқа да ресми тіркелген активтері есепке алынады. Екіншіден, материалдық емес факторлар қарастырылады. Мұнда отбасының әлеуметтік жағдайы, білім алу мүмкіндігі, денсаулыққа байланысты шектеулер сияқты көрсеткіштер назарға алынады. Үшіншіден, тәуелділердің үлесі есептеледі. Мысалы, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты ата-аналар немесе мүгедек жанды бағып отырған азаматтар қосымша қолдауға мұқтаж деп есептеледі. Төртіншіден, көлеңкелі табыс көздері ескеріледі. Бұл дегеніміз – ресми түрде табысы аз болып көрінгенімен, бірнеше автокөлігі бар немесе кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар көмек алушылар қатарына енгізілмейді.

Жүйеде арнайы алты сатылы әл-ауқат шкаласы бар. Ол төтенше мұқтаждықтан бастап, жоғары тұрмыс деңгейіне дейінгі аралықты қамтиды. Осы арқылы әр отбасының әлеуметтік портреті айқындалып, қолдау ең алдымен ең төменгі деңгейдегі азаматтарға бағытталады. Мәселен, бір отбасының ресми табысы төмен болуы мүмкін, бірақ егер оларда бірнеше жылжымайтын мүлік немесе табыс көзі бар болса, бұл олардың әлеуметтік көмекке шын мәнінде мұқтаж еместігін көрсетеді. Ал керісінше, табысы аз, бірнеше бала тәрбиелеп отырған, қарттар мен мүгедектерге қарайласатын отбасылар бірінші кезекте назарға алынады.

Бұл модельдің тағы бір артықшылығы – отбасындағы еңбекке қабілетті азаматтардың рөліне назар аударуында. Егер үйде жұмыс істейтіндер бар болғанымен, олар жұмыссыздарды немесе тәуелді жандарды жеткілікті деңгейде қамтамасыз ете алмайтын болса, мұндай отбасылар да әлеуметтік қолдау тізіміне енгізіледі. Сондай-ақ кредиттік міндеттемелердің болуы, кәсіпкерлікпен айналысу, жер телімдерінің бар-жоғы сияқты факторлар да есепке алынады.

Жаңа тәсіл тек ресми табыстарды ғана емес, отбасындағы барлық әлеуметтік жағдайды кешенді түрде бағалай отырып, көмек көрсету жүйесін әділ әрі ашық етуге бағытталған. Бұл өз кезегінде әлеуметтік әділеттілікті нығайтады, қоғамдағы сенімді арттырады және ең бастысы – қолдауды ең шын мұқтаж жандарға дер кезінде жеткізуге мүмкіндік береді.

Осылайша, скорингтік модель әлеуметтік саясаттағы маңызды қадам ретінде қарастырылады. Ол тек бюджетті тиімді пайдалануға ғана емес, қоғамдағы теңдікті сақтау мен әділдікті орнықтыруға да ықпал етеді. Жаңа жүйенің енгізілуі Қазақстанның әлеуметтік саладағы жаңашылдыққа қадам басқанын, азаматтардың мүддесін қорғауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.

Бөлісу