Астанада көлігінде газ баллоны жарылған азамат қайтыс болды

0
206

​Дәрігерлер бірнеше күн бойы науқастың өмірі үшін күрескен.


Астанада көлігінде газ баллоны жарылған азамат қайтыс болды

ERNUR.KZ. Астанада мамыр айының соңында газ баллоны жарылған көліктен ауыр жарақат алған азамат қайтыс болды. Айта кетейік, 31 мамыр күні Аманжолов көшесінде автокөліктегі газ баллоны жарылып, салдарынан бір адам ауыр жарақат алған болатын, деп жазады baq.kz.

Оқиғадан кейін зардап шеккен азамат денесінің 90–95 пайызын қамтыған термиялық күйікпен №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілген.

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы редакцияның сауалына берген жауабында науқастың көз жұмғанын растады.

31 мамыр күні Аманжолов көшесінде автокөліктегі газ баллонының жарылуы салдарынан зардап шеккен науқас дене бетінің 90–95 пайызын қамтыған термиялық күйікпен №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілгенін хабарлаймыз. Өкінішке қарай, көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, науқастың жағдайы аса ауыр болып, өмірмен сыйыспайтын жарақаттар салдарынан көз жұмды, – деп мәлімдеді басқарма.

Ведомство мәліметінше, дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектің барлығын көрсеткен. Алайда алған жарақаттарының ауырлығы салдарынан оны аман алып қалу мүмкін болмаған.