Бұл игі шара балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың ата-аналарына да ерекше демеу болды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында әлеуметтік қолдауға бағытталған қуанышты әрі игі іс-шара өтті. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты комиссиясы мен «Shymkent City Mall» сауда орталығының әкімшілігі бірлесіп, дәстүрге айналған «Баланы мектепке дайындайық» акциясын ұйымдастырды.
Бұл жолғы қайырымдылық шарасы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 50 балаға шаттық сыйлады. Балғындарға мектепке қажетті құрал-жабдықтар тарту етіліп, олардың жаңа оқу жылына алаңсыз қадам басуына жағдай жасалды.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, Әйелдер қанаты комиссиясының төрайымы Наргиза Керімбаева, сондай-ақ комиссия мүшелері қатысты. Олар бүлдіршіндерді жаңа оқу жылымен құттықтап, жылы лебіздері мен игі тілектерін жеткізді.
Мұрат Жолдыхожаев өз сөзінде:
— «AMANAT» партиясы «Баланы мектепке дайындайық» акциясын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Бұл – біздің қоғам алдындағы жауапкершілігіміздің бір көрінісі. Бүгінгі игі шара балаларға демеу болып қана қоймай, олардың еркін сезініп, көтеріңкі көңіл-күймен жаңа оқу жылын бастауына мүмкіндік береді. Білімді ұрпақ – ел ертеңінің кепілі. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, – деді.
Өз кезегінде Әйелдер қанаты комиссиясының төрайымы Наргиза Керімбаева:
— Балалардың қуанышы – біздің қуанышымыз. Олардың білімге деген құлшынысын қолдау – қоғам алдындағы үлкен міндет. Әр бала мектепке қуанышпен баруы керек. Осындай шаралар арқылы біз олардың арманына қанат бітіруге үлес қосамыз деп сенемін, – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Акция тек мектепке құрал-жабдық таратуымен шектелмей, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлауды да мақсат етті. Балалар үшін ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, Play Park-қа тегін кіруге мүмкіндік берілді. Олар түрлі аттракциондарда ойнап, шат-шадыман күй кешті. Бұдан бөлек, кинотеатрда арнайы анимациялық фильмдер көрсетіліп, тәтті тағамдар мен сусындар үлестірілді.
Бұл игі шара балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың ата-аналарына да ерекше демеу болды. Көпшілігі әлеуметтік жағдайына байланысты мектепке дайындық барысында қиындық көріп жүргенін айтып, көрсетілген көмекке ризашылықтарын білдірді. Қамқорлықты сезінген ата-аналардың жүректерінде үміт пен сенім ұялап, балаларын үлкен шабытпен жаңа оқу жылына дайындауға мүмкіндік алды.
«AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған «Баланы мектепке дайындайық» акциясы – тек материалдық көмек беру ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы ізгілік пен мейірімділікті дәріптейтін маңызды бастама. Бұл дәстүрлі іс-шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, талай отбасына қуаныш сыйлай бермек.


