2025 жылдың маусым айында Алматы қаласында көрнекті қаламгер, жазушы, драматург және аудармашы Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына арналған «Арайлы Алматыға – шырайлы Шымқаладан» атты әдеби керуен ұйымдастырылды.
Ауқымды мәдени іс-шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының бастамасымен, сондай-ақ ҚР Жазушылар одағы мен ҚР Ұлттық кітапханасының бірлесуімен өткізілді.
Мерейлі кеш ҚР Ұлттық кітапханасы ғимаратында өтті. Шара тізгінін – ақын, этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Сейітханұлы Бегманов жүргізді.
Іс-шараны ресми түрде Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынбасарұлы Орынтаев пен ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиева ашып, мерейтой иесінің ел руханиятындағы орны мен шығармашылығының маңызын атап өтті.
Кеш барысында зиялы қауым өкілдері – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлы, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, әдебиеттанушы, сыншы, профессор Дандай Ысқақ сынды танымал қаламгерлер Мархабат Байғұттың шығармашылық болмысына жоғары баға беріп, естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар, жазушының жары Қыздаркүл Байғұткеліні мен қызы, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың ғалым-хатшысы Ақлима Мархабатқызы жүрекжарды лебізін білдіріп, оқырман қауымға алғысын жеткізді. Жазушы шығармаларының жарық көруіне үлес қосқан «Қазығұрт» баспасының директоры, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Темірғали Көпбай да жылы естеліктерімен бөлісті.
Кеш аясында Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың «Алқа» әдеби бірлестігі жазушының «Оқу залы» әңгімесіне негізделген көркем композицияны сахналап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бірлестік жетекшісі Қарлығаш Жылқыбайқызы құрметті қонақтар қатарында болды.
Әдеби керуенге қорытынды сөзді Әл-Фараби атындағы кітапхана мен ҚР Ұлттық кітапханасының атынан кітапхана директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Абусайылқызы Жаппарқұлова сөйлеп, мерекелік кештің рухани маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға алғыс білдірді.