Медициналық қызмет шеңберінде емдік дене шынықтыру, парафинотерапия, массаж, фито-шай, физиотерапия (УФО, электрофорез, биоптрон, магнитотерапия) ұсынылады. Екі арнайы бөлмеде реабилитологтар бақылауымен жаттығу құрылғылары арқылы оңалту шаралары жүргізіледі.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы Жангелдин көшесі №13А мекенжайында орналасқан.
Мұнда І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетіледі. Орталықта бір мезетте 70 адамға дейін қабылдау мүмкіндігі бар, ал қызмет алушылар күніне үш мезгіл тегін тамақпен қамтылады.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 321 адам арнаулы қызмет алған. Олардың 80-і – І топтағы, 241-і – ІІ топтағы азаматтар. Кешенді қызметтер қатарында әлеуметтік-медициналық, тұрмыстық, мәдени, еңбек, психологиялық, құқықтық және экономикалық қолдау бар.
Медициналық қызмет шеңберінде емдік дене шынықтыру, парафинотерапия, массаж, фито-шай, физиотерапия (УФО, электрофорез, биоптрон, магнитотерапия) ұсынылады. Екі арнайы бөлмеде реабилитологтар бақылауымен жаттығу құрылғылары арқылы оңалту шаралары жүргізіледі. Ғимараттың үш қабатында гидромассаж, тұзды ванна және циркулярлы душ сияқты сумен емдеу кабинеттері жұмыс істейді.
Еңбек терапиясы бөлімінде 206 адам қолөнер мен тігін ісіне тартылып, кейбірі өз бұйымдарын сатуға шығарған. Мәдени бағытта 321 қызмет алушы түрлі үйірмелерге қатысып, концерттерге белсене атсалысты. Домбыра, гитара, сырнай, вокал, шешендік өнер бағыттарында шеберлік сабақтары өткізіліп, қызмет алушылар концерттік бағдарламаларға белсене қатысқан. Зоя Грибанова, Дариха Мусабекова, Бибіжамал Назарбаева, Ернар Бердалиев, Махтуна Наурузова сынды қызмет алушылар өнерлерімен ерекшеленді.
Сонымен қатар, психологиялық қолдау аясында жеке сұхбаттар мен тренингтер өткізіліп, қызмет алушылардың көңіл күйі мен өзара қарым-қатынасы жақсарды.
Орталық жұмысы азаматтардың әлеуметке бейімделуін қамтамасыз етіп, өмір сапасын арттыруға бағытталған.