​ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛЫП, ЖАҢА ӨМІРГЕ ЖОЛ АШЫЛДЫ

0
104

Оның ішінде 159 түлек үздік атанып, білім биігін бағындырды.


​ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛЫП, ЖАҢА ӨМІРГЕ ЖОЛ АШЫЛДЫ

Биыл Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті 3571 түлекке үлкен өмірге жолдама берді.

Оның ішінде 159 түлек үздік атанып, білім биігін бағындырды. 2025 жылғы түлектерге арналған дәстүрлі «Үздік түлек» мерекелік іс-шарасы салтанатты түрде өтіп, диплом табыстау рәсіміне университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясының өкілдері, танымал түлектер мен ата-аналар қатысты.

Университеттің Басқарма Төрағасы-ректоры Дархан Ахмед-Заки түлектерге ақ жол тілеп, өз сөзінде:
– «Оңтүстік өңіріндегі білім мен ғылымның іргелі қара шаңырағы Әуезов университеті түлектерінің үлкен өмірге қадам басқан сәті ерекше маңызға ие. Жаһандану кезеңінде кәсіби мамандарды даярлау басты назарда. Біз әлемдік жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытып, ғылыми процестерді жетілдіру жолында жұмыс істеп келеміз. Біздің университетіміз 80 жылдан астам уақытта 240 мыңнан астам түлекті үлкен өмірге шығарып, олар бүгінде әлемнің әртүрлі елдерінде абыроймен қызмет атқарып келеді», – деді.
Салтанатты жиын барысында «САУТС-ОЙЛ» компаниясының президенті Сейітжанов Серікжан және ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «М.Әуезов университеті түлектерінің қауымдастығы» ҚБ төрағасы Искандиров Мұқаш Зұлқайнарұлы түлектерге диплом табыстап, өздері білім алған университетке деген ыстық ықыластарын білдірді. Олар жастарды үздіксіз білім алуға шақырып, болашақта биік белестерге жетуін тіледі.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, өнер жұлдыздары мерекені әнмен әрледі. Үздік түлектердің құрметіне ұйымдастырылған отшашу салтанаттың көркін ашып, қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырды.
Бөлісу