Грант алған жобалардың бағыттары да әртүрлі. Әсіресе қызмет көрсету саласы алдыңғы орынға шықты – бұл бағытта 50 жоба мақұлданған. Бұл – қала тұрғындарының күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге бағытталған бастамалардың сұранысқа ие екенін аңғартады.
Шымкент қаласында кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарды бөлу жұмыстарының алғашқы кезеңі өз мәресіне жетті.
Бұл бастама қала тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Себебі, мемлекеттен көрсетілетін қаржылай қолдау көптеген азаматтардың жеке ісін бастап, тұрақты табыс көзіне ие болуына жол ашады.
Жалпы, қаржылай қолдауға 134 тұрғын ие болды. Мемлекеттік қолдау аясында кәсіп бастауға ниетті азаматтарға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1 572 800 теңгеге дейінгі гранттар қарастырылған. Мұндай көлемдегі қаражат бизнесін жаңа бастаған азаматтарға бастапқы құрал-жабдық сатып алып, қажетті шикізатпен қамтамасыз етілуге зор көмек болады.
Жоба шеңберінде қала тұрғындарынан 934 өтініш қабылданып, олардың барлығы арнайы комиссия қарауына ұсынылды. Комиссия мүшелері жобалардың өміршеңдігіне, экономикалық тиімділігіне және әлеуметтік маңыздылығына ерекше мән берді. Нәтижесінде, 134 үміткердің жобасы мақұлданып, оларға мемлекеттік грант берілді. Қазіргі таңда грант иегерлері Еңбек мобильділігі орталығымен екі жақты келісімдер жасасып, қаржыны аудару жұмыстары жүргізілуде. Бұл – жаңа кәсіптердің алдағы уақытта іске қосылатынын білдіреді.
Айта кету керек, грант иегерлерінің басым бөлігі – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Мемлекеттік қолдау ең алдымен қоғамда ерекше қорғауды қажет ететін топтарға бағытталып отыр. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасынан – 5 адам, асыраушысынан айырылғандар қатарынан – 7 азамат, ал мүгедектігі бар, еңбекке қабілетті тұлғалар арасынан – 23 адам грант иегері атанды. Сонымен бірге, көпбалалы отбасылардың ішінен – 71, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар арасынан – 28 азамат өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Бұл көрсеткіштер әлеуметтік әділеттілікті сақтауға және әлсіз топтарды қолдауға бағытталған саясаттың нақты іске асып жатқанын көрсетеді.
Грант алған жобалардың бағыттары да әртүрлі. Әсіресе қызмет көрсету саласы алдыңғы орынға шықты – бұл бағытта 50 жоба мақұлданған. Бұл – қала тұрғындарының күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге бағытталған бастамалардың сұранысқа ие екенін аңғартады. Сонымен қатар, өндіріс саласы да назардан тыс қалған жоқ. Құлпынай өсіру, ет өнімдерін өндіру сияқты бағыттар бойынша 39 жоба мақұлданған. Бұдан бөлек, тігін ісі бойынша – 15 жоба, кондитерлік және наубайхана өнімдері – 14 жоба, жартылай дайын өнімдер – 9 жоба, мал және құс шаруашылығы – 2 жоба, жиһаз өндірісі – 1 жоба қолдау тапты. Ал фаст-фуд, сусындар, шұжық өнімдерін өндіру сынды өзге бағыттағы жобалар саны – 4-ке жетті.
Мұндай әртарапты жобалардың жүзеге асырылуы Шымкент қаласының шағын және орта бизнесін жандандырып қана қоймай, тұрғындарды жұмыспен қамтуға да ықпал етеді. Мемлекеттік гранттар азаматтардың өз ісін ашуына, табыс көзін арттыруына және жалпы ел экономикасына үлес қосуына жол ашып отыр.
Алдағы уақытта грант иегерлері өз жобаларын толық іске асырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде қаладағы әлеуметтік ахуалды жақсартып, халықтың әл-ауқатын арттыруға әсер етеді. Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай қолдаулар – кәсіпкерлікті дамытуға жасалған нақты қадамдардың бірі болып табылады.