Сонымен қатар қала басшысы Әл-Фараби ауданы, Текесу шағынауданындағы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын су құбыры құрылысымен танысты.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімі қаланы аралау барысында Еңбекші ауданындағы «Euro Glass» ЖШС-нің өндірістік цехында болды. Жылдық өндірістік қуаттылығы 500 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорында бүгінде 50 адам еңбек етуде. Кәсіпорын басшылығы қала әкіміне шығарылатын өнімдер жайлы баяндап, өндірісті кеңейтуге қатысты жоспарларымен бөлісті.
Сондай-ақ әкім Жаңақұрылыс және Абдулабад тұрғын алаптарындағы көшелердің жағдайын тексерді. Жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында кейбір учаскелерде жоғары қысымды газ құбырына қорғаныш қап орнату және жол жамылғысын жаңарту жоспарланған.
Бұдан бөлек, Исмаил Ата көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары мен Жандосов көшесін Қонаев даңғылына дейін ұзарту барысы бақылауға алынды. Мердігер ұйымға жұмыс қарқынын арттырып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Қала әкімі А-2 айналма жолы бойындағы жаңа автовокзал аумағын абаттандыру және Айкөл тұрғын алабына апаратын жолдың күтімін тексерді. Мердігер мекеме мен терминал басшылығына жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтау қажеттігі ескертілді.
Аралау соңында Шымкент Сити мен Асар-2 шағынаудандарын жалғайтын көшедегі жол құрылысы және «Шымкент Сити» саябағының санитарлық жағдайы назарға алынды. Жауапты тұлғаларға тазалық пен тәртіпті сақтау, көгалдандыру, жарықтандыру және аумақты жүйелі түрде күтіп ұстау бойынша кешенді шаралардың маңыздылығы тағы бір мәрте еске салынды.