Кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілдегі заңсыз жүріс-тұрысы, ата-аналардың әкімшілік жауапкершілігі мен құқықтық салдары туралы кеңінен түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына нақты жауап берді.
Бүгін Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Құрсай шағынауданындағы Әл-Фараби атындағы мектепте ата-аналар мен педагогтарға арналған «Қауіпсіз қала» тақырыбында маңызды кездесу өтті.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта заңсыз әрі бейберекет жүруінің алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, ата-аналар мен ұстаздардың жауапкершілігін күшейту және отбасы мен мектеп арасындағы өзара іс-қимылды нығайту болды.
Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Патрульдік полиция полкінің әкімшілік практика тобының аға инспекторы, полиция капитаны Асылхан Әбдіқалық, Тұран аудандық полиция басқармасы ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция капитаны Құдайберген Төлегенұлы Бегімбетов, сондай-ақ «Жастар ресурстық орталығы» КММ Аутрич және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің инспекторы Заңғар Ғаниұлы қатысты.
Спикерлер өз сөздерінде қазіргі таңда қоғамда орын алып отырған маңызды мәселелердің бірі – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңсыз жүрісі мен құқық бұзушылықтарға баруы жайлы кеңінен тоқталды. Жиында ата-аналардың әкімшілік жауапкершілігі, құқықтық салдары мен заң талаптары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен бірге, балаларды тәрбиелеудегі ата-ананың рөліне ерекше назар аударылып, әрбір отбасының өз баласының қауіпсіздігі мен болашағына немқұрайлы қарамауы қажеттігі айтылды.
Кездесуге қатысқан ата-аналар мен мұғалімдер полиция қызметкерлеріне көкейдегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Әсіресе, түнгі уақытта балалардың ойын-сауық мекемелерінде немесе көшеде бейберекет жүруі, құқық бұзушылыққа баруы секілді мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Спикерлер мұндай жағдайдың алдын алу үшін отбасы, мектеп және құқық қорғау органдарының бірлескен әрекеті ауадай қажет екенін атап өтті.
Айта кету керек, «Қауіпсіз қала» жобасы аясында мұндай кездесулер алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар тұрақты ұйымдастырылып, ата-аналар мен педагогтардың қатысуымен профилактикалық жұмыстар күшейтілетін болады.
Мұндай басқосулар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қоғамда тәртіп пен жауапкершілікті арттыруға үлкен үлес қосады.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
