Конституцияның ел дамуына қосқан үлесі мен құқықтық жүйенің негізі ретінде атқаратын рөлін жан-жақты талдады.
Бүгін М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған бірлескен заңгерлік форум өтті.
Іс-шараға Конституциялық Соттың судьялары, ҚР Бас прокуратурасының өкілдері және заңгерлік қауымдастықтың басқа да өкілдері қатысты. Сонымен қатар, Шымкентке іссапармен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова да форум жұмысына белсенді қатысып, пікірлерін білдірді.
Жиынды университет ректоры Ахмед-Зәки Дархан Жұмақанұлы ашып, Конституцияның қоғамдағы рөлі мен құқықтық сана қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.
Келесі сөз кезегі ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Құдиярұлына берілді. Ол өз баяндамасында Конституцияның ел дамуына қосқан үлесі мен құқықтық жүйенің негізі ретінде атқаратын рөлін жан-жақты талдады. Депутат Конституция үстемдігі мен құқықтық мемлекетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталып, нақты мысалдар келтірді:
«Біз Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығын атап өтудеміз. Бұл – тарихи маңызы зор дата ғана емес, сонымен қатар ел дамуының жаңа кезеңдерін саралап, құқықтық мемлекеттің қалыптасуындағы жетістіктерімізді бағалайтын маңызды сәт. Конституция – әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаушы негізгі құжат. Оның үстемдігін қамтамасыз ету – заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің ортақ жауапкершілігі. Осы орайда, Парламент депутаттары ретінде біз құқықтық реформаларды сапалы іске асыруға және заң алдындағы жауапкершілікті күшейтуге күш жұмсап келеміз», – деді Нұрлан Құдиярұлы.
Жиын соңында қатысушылар арасында пікір алмасу, сұрақ-жауап және өзекті мәселелерді талқылау сессиясы ұйымдастырылды.