Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласында тұрғындармен және қоғамдық кеңес мүшелерімен жеке қабылдау өткізді.
Кездесу барысында жыл бойында атқарылған жұмыстар мен олардың қорытындысы талқыланып, халық пен билік арасындағы қарым-қатынасты нығайту мәселелері қарастырылды.
Кездесу барысында, депутаттар қоғамдық кеңестердің маңыздылығына ерекше тоқталып, олардың халық пен билік арасындағы байланысқа ықпал ететін маңызды алаңдар екендігін атап өтті.
– Қоғамдық кеңестер халықтың мәселелерін тыңдай отырып, оларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстар мен бастамаларды жүзеге асырып жатыр, – деді Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова.
Сонымен қатар, Нұрлан Құдиярұлы Конституцияның 30 жылдығына орай Мәжілісте қаралып жатқан жаңа амнистия заңына қатысты мәлімет беріп, 15 мың адамға рақымшылық жасалатынын, оның ішінде 34 сотталған кәмелетке толмаған бала бар екендігін хабарлады. Өңірде 774 адамға рақымшылық қолданылып, олардың 747-нің жазасы жеңілдетілсе, 25-і толықтай бостандыққа шығады.
– Жаңа заң есірткі таратушыларға қатысты жазаны жеңілдетіп, ал есірткі зертханаларын және интернет-дүкендерді ұйымдастырушыларға жазаны қатаңдату туралы өзгерістер енгізді. Мысалы, бұрын есірткі тасымалдаушылар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, қазіргі таңда бұл мерзім 5 жылдан 8 жылға дейін азайтылды, – деп атап өтті сенатор.