Жиынға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және дін саласының қызметкерлері және ғалымдар қатысты.
Шымкент қаласында «Қожа Ахмет Яссауи һәм ихсан ілімі» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жиынға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және дін саласының қызметкерлері және ғалымдар қатысты. Іс-шарада Қожа Ахмет Яссауи ілімі мен ихсан ілімінің сабақтастығы, ұлы бабамыздың хикметтері туралы тағылымды ойлар айтылды.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық мектебінің көрнекті өкілі, ғұлама Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың қазақ халқының рухани тарихындағы айрықша орнына тоқталып өтті.
– Ахмет Яссауи сопылық жолды ұстанып, дінді насихаттау барысында айтқан өлеңдер жинағын «Диуани Хикмет» деп атады. Ол адамгершілік пен имандылықты ту етіп, бүкіл күш-қайратын ізгілік жолына арнап, ақиқатты жырлады. Бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеді. Ислам дінінің өлмейтін-өшпейтін құндылықтарын дәріптеді. Қожа Ахмет Яссауи сопылық мектептің түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. Сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі тілінде сөйлетті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері еліміздегі мұсылман жамағатына ихсан ілімін дәріптеп келеді. Сайып келгенде, біздің мақсатымыз – дәстүрімізбен біте қайнасқан дінімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптеп, жастарды бабалар салған сара жолмен жүруге үндеу, – деді Бас мүфти.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жиынның Шымкент қаласында ұйымдастырылуының маңызы зор екенін айтты. Яссауи бабамыздың түркі халықтары арасында, оның ішінде қазақ даласында Ислам дінін таратуы, халықтың психологиясы мен рухани өрісін толықтыра отырып Ислам дінінің құндылықтарын дәріптеуі жайында ойларын ортаға салды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақдәулет Әбдірахмановқа «Ерен еңбегі үшін» орденін табыс етті.
Сондай-ақ, жиында Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Ибрахим Иномов, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Абибилла қажы Қыдырбердиев, Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ теология факультетінің деканы, профессор Досай Кенжетай баяндама жасады.