​ҚР Ұлттық экономика министрі Шымкенттегі «Стандарт» индустриалды аймағына барды

0
773

Сонымен қоса, Нұршуақ шағын ауданында болып инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс барысымен танысып, тұрғындармен кездесті.


​ҚР Ұлттық экономика министрі Шымкенттегі «Стандарт» индустриалды аймағына барды

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында жекеменшік «Стандарт» индустриалды аймағында болып, жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан жаңа экономикалық саясатының ең маңызды, басым бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау. Өйткені, осы кәсіпкерлер елдегі орта таптың негізін қалайды. Ал, орта тап өкілдерінің үлесі көп болса, еліміздің экономикасы қуатты болып, халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс сапасы жақсарады. Міне, осы тұрғыда Шымкент қаласы бұрыннан кәсіпкерлік белсенділігі жоғары қала. Енді шағын және орта бизнеске арналған индустриалды аймақтың ашылуы мен өзге де мемлекеттік қолдау шаралары қалада бизнестің дами түсуіне ықпал етеді, – деді Әлібек Сәкенұлы.

Сонымен қоса, министр Шымкент қаласы Нұршуақ шағын ауданында болып инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс барысымен танысып, тұрғындармен кездесті.

«Шымкент қаласына инженерлік инфрақұрылым желілерін дамытуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде тұрғындардың жол, ауыз су, сапалы электр қуаты мен табиғи газбен қамту секілді бірінші кезектегі өзекті мәселелері шешімін табуда. Бүгінгі сапардың мақсаты осы бағытқа бөлініп жатқан бюджет қаржысының қаншалықты тиімді игеріліп жатқанын бақылау және тұрғындарды қандай проблемалар мазалайтынын өз аузынан есту», – деді Әлібек Сәкенұлы.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы бұрынғы қорғасын зауытының аумағында инвесторлардың есебінен «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.