«ҚҰРАҚ ҚҰРАУ – ӨНЕРДІҢ САРҚЫЛМАС ҚАЙНАР КӨЗІ»: Шымкентте ұлттық мұраны жаңғыртуға арналған шеберлік сағаты өтті

0
38

Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде құрақ – тек сәндік бұйым ғана емес. Ол – анадан балаға берілетін өнердің, шыдамдылық пен іскерліктің мектебі. Әжелеріміз құрақ құрау арқылы қыз балаға ұқыптылықты, сабырлықты, сұлулықты бағалауды үйреткен.


 «ҚҰРАҚ ҚҰРАУ – ӨНЕРДІҢ САРҚЫЛМАС ҚАЙНАР КӨЗІ»: Шымкентте ұлттық мұраны жаңғыртуға арналған шеберлік сағаты өтті

Қазақ халқының бай рухани қазынасында қолөнер дәстүрлерінің алар орны ерекше. Соның ішінде құрақ құрау – ғасырлар қойнауынан жеткен өнер, ата-бабамыздың тұрмысында кеңінен қолданылған қолөнер түрі. Құрақ – әсемдік пен өрнектің ғана белгісі емес, ол ұрпақ сабақтастығын сақтап, халықтың тарихы мен тағылымынан сыр шертетін ұлттық мұра.

Осы құндылықтарды жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Құрақ құрау – өнердің сарқылмас қайнар көзі» атты шеберлік сағатын ұйымдастырды. Шара аясында қатысушыларға құрақтың түрлері, оны құраудың қыр-сыры таныстырылып, қолөнер шеберлерінің еңбектері паш етілді.

Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде құрақ – тек сәндік бұйым ғана емес. Ол – анадан балаға берілетін өнердің, шыдамдылық пен іскерліктің мектебі. Әжелеріміз құрақ құрау арқылы қыз балаға ұқыптылықты, сабырлықты, сұлулықты бағалауды үйреткен. Әр қиылған матаның өзіндік мәні болып, олардан құралған өрнек бір шаңырақтың тарихын, әулеттің шежіресін бейнелеген. Іс-шараның басты мақсаты да осы ұлттық қолөнерді насихаттап, жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру, көркемдік талғамын дамыту және ата-баба мұрасын жаңғырту.
Құрақ – халқымыздың мәдени кодын сақтаған, тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымын айқындаған өнер. Біз бүгінгі ұрпаққа осы құндылықты жеткізіп, қызығушылығын арттыру арқылы ұмытылмас дәстүрді жаңғыртып отырмыз. Құрақ құрау – ұрпақ сабақтастығының алтын арқауы. Ұлттық өнерімізді дәріптеу – болашақ ұрпақ алдындағы басты міндетіміз. Құрақ құрау арқылы біз жастарға тек әсемдікті ғана емес, шыдамдылық пен сабырлықты үйретеміз. Мұндай бастамалар халқымыздың мәдени коды мен дәстүрін сақтауға зор үлес қосатыны сөзсіз, – дейді Шымкент қалалық мәдениет,тілдерді дамыту архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова.
Бөлісу