Тексерулер жаңа туылған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі балалар; 30 бен 70 жас аралығындағы ересектер мен тәуекел топтары арасында жүргізіледі.
Шымкент қаласында 2025 жылдың басынан бері жүргізілген скринингтік тексерулердің нәтижесінде 4 мыңға жуық тұрғыннан қатерлі ісік алды аурулары анықталды. Бұл көрсеткіш медициналық профилактикалық шаралардың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетіп отыр. Әсіресе, ерте кезеңде анықталған сырқаттар дер кезінде ем қабылдауға мүмкіндік беріп, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға ықпал етуде.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ұйымдастырылған скринингтің нәтижесінде 3391 әйелден сүт безі мен жатыр мойны обырының бастапқы белгілері анықталса, 500-ден астам адамнан тоқ ішектің қатерлі ісік ауруының ерте сатысы белгілі болды. Дәрігерлердің айтуынша, егер мұндай аурулар кеш анықталса, науқастардың өмірін сақтау мүмкіндігі әлдеқайда төмен болар еді. Ал уақытында жүргізілген тексеру мен ерте басталған емдеу – адамдарға екінші мүмкіндік сыйлап, құтқарылған тағдырлардың санын арттырып отыр.
Жалпы скринингтік бағдарламаның нәтижелері тек қатерлі ісікті ғана емес, басқа да кең таралған созылмалы ауруларды анықтауда өз тиімділігін дәлелдеді. Жыл басынан бері 6000-ға жуық тұрғыннан қан айналымы жүйесінің сырқаттары, ал 1000-нан астам шымкенттіктен қант диабеті мен глаукома дерттері табылған. Мұндай көрсеткіштер профилактикалық тексерулердің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді, себебі адамдардың көбі дертінің алғашқы белгілерін байқамай жүре береді. Ал скрининг сол белгілерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Медицина мамандарының айтуынша, скринингтің қамтитын бағыттары өте кең. Тексерулер барысында мінез-құлықтық тәуекел факторлары, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома, жатыр мойны обыры, сүт безінің қатерлі ісігі, колоректалды обыр, сондай-ақ В және С вирустық гепатиттер ерте анықталады. Бұл тексерулер жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі балаларға, сондай-ақ 30 бен 70 жас аралығындағы ересектерге және тәуекел топтарына жүргізіледі.
Айта кетейік, МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтер Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) тізіміне енгізіледі. Бұл өзгерістің арқасында, азаматтардың сақтандырылған мәртебесіне қарамастан, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған барлық скринингтер тегін жүргізілетін болады. Денсаулық сақтау саласының мамандары бұл бастаманы халықтың денсаулығын нығайтудағы маңызды қадам деп санайды.
Осылайша, Шымкентте жыл басынан бері жүзеге асқан скринингтік тексерулердің нәтижелері медициналық профилактиканың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Уақытылы жасалған қадам – адамның өмірін сақтап қалудың ең тиімді жолы.


