Мәжіліс депутаты Шымкенттегі әлеуметтік және өндірістік нысандармен танысты

0
33

Қызметкерлер әлеуметтік жағдайлары, еңбек қауіпсіздігі мен кәсіби даму мүмкіндіктері туралы сөз қозғап, өз ұсыныстарын жеткізді.


 Мәжіліс депутаты Шымкенттегі әлеуметтік және өндірістік нысандармен танысты

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келіп, бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды аралады.

Сапар барысында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мәселелер талқыланып, өндіріс орындары мен жаңа жобалардың тыныс-тіршілігімен танысты. Мәжіліс депутатының айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – ел ішіндегі нақты ахуалды өз көзіммен көру, кәсіпкерлердің ұсыныстары мен проблемаларын тыңдау және оларды заңнамалық деңгейде шешуге атсалысу.

Алдымен депутат пен қалалық мәслихат өкілдері жақында ғана есігін айқара ашқан «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісіне барды. Бұл – Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласын дамытуға қосылған зор үлестердің бірі. Мекеме басшылығының мәліметінше, жаңа зертханаға 1,2 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салынған. Барлық қаржы мекеме иелерінің өз қаражаты есебінен бөлінген. Күні кеше жаңа ғимарат мемлекеттік лицензияға қол жеткізіп, толыққанды жұмысын бастап кетті.

Қазіргі таңда зертханада 30-ға жуық маман қызмет атқарады. Ал жалпы мекеме бойынша 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл дегеніміз – жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы. Зертхана тек қала ішінде ғана емес, аймақ көлемінде де медициналық қызметтің сапасын арттыруға ықпал етеді. Бүгінде мекемеде заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетілуде.

Қала аумағында 40-қа жуық ем-шара кабинеттері бар. Онда пациенттер анализ тапсырып, нәтижелері арнайы жүйе арқылы жаңа зертханаға жеткізіледі. Мұнда жоғары білікті мамандар талдау жұмыстарын жүргізіп, науқастарға сапалы әрі жедел қызмет көрсетеді. Азат Перуашев зертхананың әрбір бөлімін аралап, қызметкерлермен тілдесті, олардың жұмыс барысын бақылап, алдағы жоспарларымен танысты. Сонымен қатар, мекеме басшылығы да өз кезегінде депутатқа жаңа салық кодексіне байланысты туындап отырған мәселелерін жеткізді. Депутат бұл ұсыныстарды ескерусіз қалдырмай, Мәжіліс деңгейінде талқылауға дайын екенін жеткізді.

Сапар барысында Мәжіліс депутаты «QAZALPACK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытында да болды. Бұл кәсіпорын – алюминий банкаларын өндіретін еліміздегі бірегей өндіріс орындарының бірі. Қазіргі таңда зауытта әлеуметтік қолдау шаралары мен кадрларды оқытуға ерекше мән беріліп отыр. Өндіріс басшысының айтуынша, қызметкерлер тек өндірістік машықтармен ғана емес, сонымен бірге шетел тілдерін үйренуге де мүмкіндік алған. Бұл олардың кәсіби біліктілігін арттырып, жаңа нарықтарға шығуға жол ашады.

Зауыт директоры мәлімдегендей, мұнда өндірілген өнімдер ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге де экспортталады. Атап айтқанда, Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан мемлекеттеріне жеткізілуде. Алдағы уақытта экспорт көлемін арттырып, жаңа елдермен әріптестік орнату жоспарда бар. Зауытта алюминий қаптамалардың барлық түрі өндірілуде, бұл өз кезегінде отандық тауар өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Азат Перуашев кәсіпорын жұмысымен танысу барысында еңбек ұжымымен сөйлесті. Қызметкерлер әлеуметтік жағдайлары, еңбек қауіпсіздігі мен кәсіби даму мүмкіндіктері туралы сөз қозғап, өз ұсыныстарын жеткізді. Мәжіліс депутаты кәсіпорын басшылығына қызметкерлердің құқықтарын қорғау мен әлеуметтік қолдауды арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Жалпы, бұл сапар Шымкент қаласындағы әлеуметтік және кәсіпкерлік бағыттардың дамуын айқындап, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесін көруге мүмкіндік берді. Мәжіліс депутатының айтуынша, аймақтағы мұндай табысты жобаларды қолдау жалғасады және мемлекеттік деңгейде бизнес пен әлеуметтік бастамаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.

Бөлісу