“МЕКТЕПКЕ ЖОЛ” АКЦИЯСЫ: Шымкентте 500 балаға мектепке қажетті құралдар табысталды

0
92

Мектептен тыс қалып қою қаупі бар оқушыларды жаңа оқу жылына толыққанды дайындауға жағдай жасау да – аталған шараның негізгі бағыты.


“МЕКТЕПКЕ ЖОЛ” АКЦИЯСЫ: Шымкентте 500 балаға мектепке қажетті құралдар табысталды

Бүгін Шымкент қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында игі шара өтті.

Бұл жолы қайырымдылық бастамасына қалалық орталық мешіт пен «Зекет» қоры мұрындық болып, жаңа оқу жылына дайындалып жатқан әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек көрсетті.

Іс-шара барысында Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлы жиналған көпшілікке ізгі тілегін білдіріп, қоғамның әлсіз топтарына қолдау көрсету – әрбір азаматтың борышы екенін атап өтті. Ол өз сөзінде балаларға жасалып отырған мұндай қамқорлықтың олардың ертеңгі болашағына сенімді қадам жасауына зор ықпал ететінін айтты. Жиын барысында 500 оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар салтанатты түрде табыс етілді. Балаларға сөмке, дәптер, қалам, түрлі оқу-құралдары және мектеп формасы ұсынылды. Бұл – олардың жаңа оқу жылын алаңсыз әрі қуанышпен бастауына үлкен мүмкіндік.

«Мектепке жол» акциясының басты мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларды қолдау, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқорлық көрсету. Сонымен қатар, мектептен тыс қалып қою қаупі бар оқушыларды жаңа оқу жылына толыққанды дайындауға жағдай жасау да – аталған шараның негізгі бағыты.

Айта кету керек, қайырымдылық іс-шарасы бір күндік акция ретінде шектеліп қалмай, бір айға созылған ауқымды науқан аясында ұйымдастырылып келеді. ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің мәліметінше, биылғы жылдың қорытындысы бойынша қала көлемінде 3600 отбасыға жалпы құны 7 805 100 теңге көлемінде көмек көрсетілмек. Бұл – мыңдаған бала мен ата-ананың жаңа оқу жылына дайындық барысында үлкен демеу болатыны сөзсіз.

Мұндай игі істер – қоғамдағы бірлік пен өзара қолдаудың айқын көрінісі. Балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың білімге деген құштарлығын арттыруға себепкер болатын қайырымдылық акциясы алдағы жылдары да жалғасын табатыны анық.

Бөлісу