Құрылыс барысын бақылау кезінде Мәжіліс депутаты мекеменің әлеуметтік маңыздылығына ерекше тоқталды.
Шымкент қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында маңызды жобалардың бірі қолға алынып отыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы қаладағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №1 арнаулы қызметтер көрсету орталығының құрылыс алаңына арнайы барып, ондағы жұмыстардың барысымен танысты.
Аталған мекеме денсаулығында белгілі бір шектеулері бар, яғни мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысады. Бұл орталықта түрлі жастағы адамдарға күндізгі күтім, оңалту, әлеуметтік бейімдеу және психологиялық қолдау бағыттары бойынша қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда тұрғындар тарапынан мұндай қызметке деген сұраныстың артуына байланысты қосымша 50 орынға арналған жаңа ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.
Жаңа нысанның құрылысы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталған болса, жоспар бойынша 2025 жылы толық аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Бұл жоба аяқталған соң орталықтың материалдық-техникалық базасы күшейіп, заманауи жабдықтармен қамтылмақ. Сонымен қатар жаңа ғимаратта мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін инфрақұрылым толықтай бейімделеді: арбаға арналған пандустар, арнайы лифтілер, кең дәліздер, тынығуға арналған бөлмелер қарастырылады.
Құрылыс барысын бақылау кезінде Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы мекеменің әлеуметтік маңыздылығына ерекше тоқталды.
– «AMANAT» партиясы әлеуметтік салаға әрқашан айрықша көңіл бөліп келеді. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыс – соның айқын дәлелі. Бұл орталыққа келетін азаматтар ең алдымен сапалы қызмет алуы тиіс. Ал сапалы қызмет көрсету үшін ең басты шарт – мекеменің қолайлы ғимараты мен заманауи материалдық-техникалық базасы. Сондықтан әрбір құрылыс жұмысы жоғары деңгейде орындалуы қажет. Бұған ерекше мән берулеріңізді сұраймын, – деді халық қалаулысы.
Сонымен қатар депутат құрылыс мерзімінде аяқталуының қала тұрғындары үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, нысанның дер кезінде пайдалануға берілуі әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырып қана қоймай, Шымкенттегі мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға тікелей ықпал етеді. Жаңа орталық олардың қоғамға белсенді араласуына, түрлі шараларға қатысуына және әлеуметтік бейімделуіне зор мүмкіндік береді.
Жергілікті тұрғындар мен орталық қызметкерлері де жаңа ғимараттың қажеттігін атап өтті. Өйткені қазіргі таңда әлеуметтік қолдау қызметтеріне жүгінетін азаматтардың саны артып келеді. Бұл ретте қосымша орындар ашу – уақыт талабы. Жаңа нысан толық іске қосылғанда Шымкент қаласындағы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі біршама ілгерілеп, халықаралық стандарттарға жақындай түседі деп күтілуде.
Жалпы алғанда, бұл жоба – мемлекет пен қоғамның әлеуметтік бағыттағы серіктестігінің нақты көрінісі. Оның жүзеге асырылуы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, инклюзивті қоғам құруға және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған.