Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Нобель фестивалі форумында сөз алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Орталық Азия және Кавказ елдерінің ғылыми және білім беру әлеуетін арттыруға арналған ІІІ Nobel Fest форумының екінші күнінде «Болашақ қалалары: адамзат қайда өмір сүрмек?» секциясының жұмысына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов спикер ретінде қатысып, қалалардың болашағы мен даму тенденциясы жөнінде пікірін білдірді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған G-Global идеясы ғаламдық теңгерімді сақтауға қызмет етеді. Дүниежүзіне танылған ақпараттық-коммуникациялық алаңның ұсынысымен Нобель фестивалінің мінберінен еліміз атынан сөз алу мәртебесі Шымкент қаласына берілді.
«Болашақ бүгіннен басталады» айдарымен өтіп жатқан форумда Қазақстан мегаполистерінің атынан Шымкент қаласына сөз беру мәртебесі үлкен сенім екенін жеткізген Мұрат Дүйсенбекұлы, ХХІ ғасыр – инновациялар мен технологиялар дәуірі екенін айтты.
«Болашақ қалалары шектен тыс орталықтандырудан арылады. Басымдық экологияға, жасыл экономикаға, ақылды технологияларға және креативті индустрияға беріледі»,- деді М.Әйтенов.
Қалалардың болашақтағы даму тендециясын айтқан қала басшысы, мегаполистерде әрбір аудан дербес өркендеп, теңгерімді даму жолына түсетіндігін хабарлады. Жасыл технологиялар болашақ қалаларының негізгі даму бағыты болып айқындалмақ. Экологияға зиян тигізу үдерістері біртіндеп жойылып, электр қуатымен жүретін көліктерге басымдық беріледі. Көлік қозғалысына тыйым салынған аумақтар көлемі арта бермек.
Болашақ қалаларының экологиялық таза, қолайлы, үнемді болуына инновациялық технологиялар ықпал ететін болады. Жоғары технологиялар Big Data (ауқымды деректер), жасанды интеллект қалалық ортаның сапасын арттыруға қызмет етпек. Креативті индустрияны ендіруде болашақ қалаларының тұрғындары жаңа ұтымды идеялар ұсынып, өмір сүру сапасын көтеруге ұмтылатын болады.
«Шымкент қаласын аталған бағыттар бойынша дамытуды іске асырып келеміз. Бүгіннің өзінде қала инфрақұрылымын жетілдіру, адам капиталын дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту, қала қаупсіздігін сақтау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қаланың барлық салаларында жаңа технологиялар енгізуді қолға алдық, индустриалды аймақтарды қала сыртына орналастырудамыз, аумақтарға инженерлік желілер жүргізіп, жаңа жолдар салып жатырмыз. Шектен тыс орталықтандырудан бас тартып, әр ауданды теңдей дамытуға басымдық бердік»,- деп сөзін түйіндеген Мұрат Дүйсенбекұлы, форум қатысушыларын Шымкент қаласына мейман болып келуге шақырды.