Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай, Шымкент қаласындағы Дендросаябақ аумағында «Спорт – есірткіге қарсы» ұранымен бұқаралық жүгіру шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шараға қала тұрғындары, спортшылар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, еріктілер мен жастар қатысты. Шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау арқылы жастардың денсаулығын нығайту және есірткі қылмыстарының алдын алу.
Іс-шара барысында қатысушыларға есірткінің зияны мен оның адам өміріне тигізетін қауіптілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Спорт – бұл тек физикалық шынығу ғана емес, сонымен қатар адамның ерік-жігерін дамытып, зиянды әдеттерден арылуға ықпал ететін тиімді құрал екендігі атап өтілді.
Жүгіру қашықтығы 5 шақырымды құрады. Мәре сызығын сәтті бағындырған қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.