Бұл грант – жұмыссыз азаматтар мен әлеуметтік жағынан осал топтар үшін өз ісін бастауға таптырмас мүмкіндік. Қарапайым әрі ашық жүйе, нақты талаптар мен онлайн қызмет көрсету – жаңа бизнеске жасалған сенімді әрі әділ қадам.
көрнекілік үшін коллаж: gov.kz
11 тамыздан бастап азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және жұмыссыздықты азайту мақсатында Business.enbek.kz порталы арқылы қайтарымсыз гранттар берудің екінші легі басталды. Бұл бастама — өз ісін жаңадан бастағандар үшін үлкен мүмкіндік.
Грант мөлшері — 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 572 800 теңге. Бұл қаржы азаматтарға өз кәсібін ашуға бір реттік негізде беріледі. Грант тек кәсіпкерлік мақсатта қолданылады: тұтынушылық шығындарға, қарыз жабуға, тұрғын үй немесе жер алуға, сондай-ақ акцизделетін өнім өндіруге жұмсауға тыйым салынған.
Қайтарымсыз грант алу үшін үміткер келесі негізгі екі талапқа сай болуы қажет:
1. Жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс немесе
2. Тіркелгеніне 3 жылдан аспаған жеке кәсіпкер болуы қажет.
Сонымен қатар, азаматтар келесі әлеуметтік топтардың біріне жатуы керек:
• мүгедектігі бар тұлғалар;
• «қандас» мәртебесі бар азаматтар;
• көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардың мүшелері;
• мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар;
• асыраушысынан айырылғандар;
• өңіраралық қоныс аударушылар.
Грант алуға өтінім беру үшін үміткердің соңғы үш жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алғанын растайтын сертификаты болуы шарт.
Үміткерлер Business.enbek.kz порталына тіркеліп, өз сәйкестігін растауы тиіс. Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, толтырған соң өтінімге электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қойылады.
Компьютері немесе интернеті жоқ азаматтар үшін аудандық мансап орталықтарында арнайы өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары қарастырылған.
Өтініштер қалалық комиссияның қарауына жіберіледі. Онда үміткерлер өз жобаларын таныстырып, бизнес-жоспардың тиімділігі, нарыққа бейімділігі, қаржылық өміршеңдігі және жаңа жұмыс орындарын ашу әлеуеті сияқты негізгі көрсеткіштер бойынша бағаланады.
Нәтиже туралы ақпарат порталдағы жеке кабинетке жіберіледі. Егер өтінім мақұлданса, тараптар келісімшартқа қол қойып, қаражат үміткердің шотына аударылады. Қаражат алған азамат тоқсан сайын оның мақсатты түрде жұмсалғаны туралы есеп беріп отыруы тиіс. Барлық процесс онлайн форматта жүргізіледі. Бұл грант – жұмыссыз азаматтар мен әлеуметтік жағынан осал топтар үшін өз ісін бастауға таптырмас мүмкіндік. Қарапайым әрі ашық жүйе, нақты талаптар мен онлайн қызмет көрсету – жаңа бизнеске жасалған сенімді әрі әділ қадам.