Жазғы маусымда өрт қауіпсіздігіне байланысты ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Білім беру мекемелерінде 490 адам қатысқан 27 оқу-жаттығу өткізілген.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жаз мезгіліндегі қауіпсіздік шаралары бойынша арнайы мәлімет жариялады. Онда судағы қауіпсіздік, балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлау жағдайлары мен өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндалған.
Бүгінде республика бойынша шомылу маусымы басталғалы 85-ке жуық адам суға батып кеткен. Қайғылы жағдайлардың арасында балалар да бар. Шымкент қаласында суға шомылуға рұқсат етілген үш ресми орын бар: Тоғыс су қоймасындағы «Холодильник» демалыс орны, Бадам су қоймасындағы «Рахат Бадам», сондай-ақ Қошқар ата өзенінің бастауы. Суға түсуге тыйым салынған 13 орын анықталып, сол жерлерге 200-ге жуық ескерту тақтайшалары орнатылған. Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында күнделікті патрульдік рейдтер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биылғы жыл басынан бері 180 рейд өткізіліп, 15 250 адам қамтылған.
Айта кетерлігі, 2025 жылы әзірге судағы жазатайым оқиғалар тіркелмеген. Ал 2024 жылы екі жағдай орын алып, оның бірі бала болатын. Қағидаларды бұзған 4 азаматқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес 55 000 теңгеден айыппұл салынған.
Жыл басынан бері Шымкентте балалардың терезеден және биіктіктен абайсызда құлауына байланысты 4 жағдай тіркелген. Өкінішке қарай, оның үшеуі қайғылы аяқталды. Бір бала жарақат алған. 2024 жылы осындай 8 жағдай тіркеліп, 1 бала көз жұмып, 7 бала түрлі дене жарақатын алған. Мамандардың айтуынша, бұл оқиғалардың барлығында ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы және терезелердің ашық болуы себеп болған.
Жазғы маусымда өрт қауіпсіздігіне байланысты ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Білім беру мекемелерінде 490 адам қатысқан 27 оқу-жаттығу өткізілген. БАҚ пен әлеуметтік желілерде 469 материал жарияланған (оның ішінде 48 телесюжет, 95 мақала, 211 радио хабарлама, 115 әлеуметтік желілердегі материалдар). Мобильді топтармен (азаматтық қорғау, полиция, әкімдік, орман шаруашылығы) 112 рейд ұйымдастырылып, 53 рет өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталған. Салынған айыппұл көлемі – 1 553 140 теңге.
2025 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық барысында жалпы ұзындығы 740,1 км минералдандырылған жолақ жыртылған. Бұл ықтимал табиғи өрттердің таралуын болдырмау мақсатында жасалып отыр.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 5 тамызында Шымкент қаласы Тұран ауданы, Абай саябағы жанында орналасқан «Сохо» ғимаратына жапсарлас бір қабатты қосалқы құрылыс ғимараттың шатырында өрт шықты. Өрт кешкі сағат 22:39-да толық сөндірілді. Қазір өрт болған ғимараттың шатырын бұзу және тазалық жұмыстары жүргізілуде. «Сохо» ғимаратына зақым келген жоқ. Қазіргі уақытта ол Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгеріміне рәсімделуде. Ғимаратты шахмат клубына айналдыру жоспарланып отыр. Төтенше жағдайлар департаменті жақында осы оқиға бойынша қорытынды жариялайды және қосымша анықтамалар береді.
Қауіпсіздікке қатысты барлық бағыттар бойынша — судағы тәртіп, өрт қауіпсіздігі және балалардың терезеден құлау оқиғалары туралы — бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, адамдар көп шоғырланатын жерлерде LED экрандарда бейнероликтер көрсетіліп, тұрғындар сақтыққа шақырылуда.