Шымкент 2024 жылы толықтай сапалы интернетпен қамтылады

0
1 005

Қазіргі таңда Шымкент қаласы аумағының 92%-ы сапалы интернетпен қамтылған.


Шымкент 2024 жылы толықтай сапалы интернетпен қамтылады

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкент қаласы 2024 жылы 100 пайыз сапалы интернетпен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінде интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, ғылым мен техника дамыған заманда интернеттің қажеттілігі тіптен жоғары. Осыдан-ақ интернетке деген тәуелділіктің күн санап артып жатқанын аңғаруға болады. Ресми дерек бойынша, соңғы жеті жылда Қазақстанда интернет пайдаланушылардың қатары екі есеге артқан.

Алайда, ғаламтор қолданушыларының қатары артқан сайын, еліміздегі интернеттің сапасы сын көтермей жатқаны да рас. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында түрлі жобалар қолға алынуда. Аталған жұмыстар Шымкент қаласында да іске асырылып жатыр.

Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының дерегінше, 2020 жылы интернет сапасы төмен және шалғай орналасқан Тұран, Шымсити, Шымсити-2, Асар-2, Асар, Достық, Солтүстік-Батыс, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Айкөл, Ақтас шағын ауданына базалық станциялар орнатылды. Нәтижесінде 11 елді мекен 51700-ге жуық қала тұрғындары сапалы интернетпен қамтылды.

Ал, өткен жылы қала аумағына және қаладан шалғай орналасқан Тұран, Шымсити, Шымсити-2, Асар-2, Асар, Достық, Солтүстік-Батыс, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Айкөл, Ақтас шағын ауданына базалық станция А-2 трассасы, Аэропорт маңы, Солтүстік-Батыс, Қайнарбұлақ, Тассай, Құрсай, Р-32, Ынтымақ-2, Абдулабад, Забадам, Қайтпас-1, Нұртас, Асар, Самал-3 шағынауданына базалық станциялар орнатылып, жалпы он төрт тұрғын алабының 136 071 тұрғын сапалы интернетке қол жеткізді. Сонымен қоса, қаладан шалғай орналасқан 10 елді мекенге талшықты оптика желісі жүргізіліп, жүз мыңға жуық қала тұрғыны жоғарғы жылдамдықты интернетпен қамтылды.

Қазіргі таңда Шымкент қаласының 92%-ы сапалы интернетпен қамтылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 100%-ға жетеді деп күтілуде.