Шымкент әкімі қаладағы құрылыс және логистика нысандарын аралады

0
80

Қала басшысы аудан әкіміне барлық құрылыс жұмыстарын абаттандыру талаптарына сай және толық көлемде аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырды.


Шымкент әкімі қаладағы құрылыс және логистика нысандарын аралады

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында бірнеше инфрақұрылым нысандарын аралады.

Сапар аясында алдымен Сайрам көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының құрылыс барысы тексерілді. Уәлиханов көшесінен Желтоқсан көшесіне дейінгі аралықты қамтитын бұл учаскенің жалпы ұзындығы 2,8 шақырымды құрайды. Аталған аумақты абаттандыру аясында Ақназар хан көшесіне дейін жарықтандыру жүйесін орнату көзделген. Жоба шеңберінде 310 жарық бағанасы орнатылады. Қала басшысы аудан әкіміне және тиісті басқарма басшыларына барлық жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Одан кейін әкім Еңбекші ауданында орналасқан «Zammler» ЖШС-нің қойма кешеніне барды. Логистикалық бағытта қызмет көрсететін бұл компания Қазақстан аумағында жүк тасымалы және транзиттік тасымалмен айналысады. Қазіргі таңда кәсіпорын Шымкент қаласындағы 20 мыңнан астам серіктеске қызмет көрсетіп, 130 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Кездесу барысында компания басшылығы қойма инфрақұрылымын кеңейту жоспары туралы ақпарат берді. Қала әкімі өз кезегінде салықтық міндеттемелерді уақтылы және адал орындаудың маңыздылығын атап өтті.
Сапар соңында әкім «Абдулабад» тұрғын алабындағы орталық көшенің бір бөлігін асфальттау жұмысының барысын тексерді. Бұл аумақта балалар және спорт алаңшаларының құрылысы да қатар жүргізілуде. Аталған жұмыстар тұрғындардың көшпелі кездесу барысында айтқан ұсыныс-тілектері негізінде жүзеге асырылып жатыр. Қала басшысы аудан әкіміне барлық құрылыс жұмыстарын абаттандыру талаптарына сай және толық көлемде аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Бөлісу