Бұған дейін қызметін абыроймен атқарып келген Мұқан Омаров денсаулығына байланысты қызметін тоқтатқан болатын.
Бүгін Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында ардагерлер кеңесінің VIII конференциясы өтіп, оған 35 делегат қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жиын барысында алдымен ардагерлер кеңесінің атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалды. Регламентке сәйкес, ардагерлер кеңесінің жаңа Пленум мүшелері, тексеру комиссиясы және оған делегаттарды сайлау мәселелері қаралды.
Кезекті жиында Әл-Фараби ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы болып бір ауыздан Рысбай Исамутдин Нәштайұлы сайланды. Бұған дейін қызметін абыроймен атқарып келген Мұқан Омаров денсаулығына байланысты қызметін тоқтатқан болатын.
Конференцияға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев, республикалық ардагерлер ұйымының төралқа мүшесі Бекет Тұрғараұлы және басқа да бастауыш ұйым төрағалары қатысты.
Бүгінде Шымкент қаласында барлық ауданда ардагерлер кеңесі белсенді жұмыс атқаруда. Мегаполистегі көптеген мәселені шешуде ардагерлер кеңесінің рөлі зор. Аталған ұйым қазыналы қарттардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, қарияларды қадірлеу, жас ұрпаққа саналы тәрбие беру бағытында тағылымды іс-шаралар ұйымдастырып келеді.