Бүгінгі таңдағы басты мәселе – қалаға қосылған 41 елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту болып отыр.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов аппараттық жиналыста төрт ауданның әлеуметтік картасын жасауды тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қала әкімі жиналыста Шымкентке қосылған 41 елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмысты жүйелендіру мақсатында әр ауданды секторға бөліп, өзекті мәселелер көрсетілген әлеуметтік карта әзірлеуді салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тапсырды.
Осылайша, Ерлан Қуанышұлы күрмеуі шешілмей келе жатқан проблемалар: жол, инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік нысандардың тапшылығы мен абаттандыруды біртіндеп жүйелі түрде шешуге болатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, әкім шеткі аймақтардың инфрақұрылым жүйесін тарту жұмыстарына жеке инвесторларды да қатыстыруды атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындарға өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыру әкімдіктің басты мақсаты екенін айта отырып, ең алдымен қаланы қоқыстан тазартуды, шалғайдағы елді мекен тұрғындары үшін тұрақты түрде көшпелі медицина қызметі мен жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұйымдастыру жөнінде тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, аппарат отырысында жылу беру маусымына дайындық барысы мен жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталып, жауапты мамандар жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүргізіліп жатқанын, 20 тамызға дейін медициналық мекемелер мен мектептер қысқа дайын болатынын мәлім етті. Ал, қала басшысы жылу маусымына дайындықты бақылауда ұстауды тапсырып, штаб отырысы аптасына екі рет өтетінін айтты.