Барлық өтінішке қатысты жан-жақты жауаптар мен кеңестер берілді.
Шымкент қаласының әкімдігінде дәстүрлі азаматтарды қабылдау өтті. Кездесу барысында тұрғындар қала әкіміне түрлі мәселелерімен жүгінді. Қала тұрғындары баспана және жер қатынастары, кәсіпкерлікті дамыту, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек көрсету және қаланы абаттандыру мәселелерін көтерді.
Сондай-ақ, қаланы дамыту бойыша бірқатар ұсыныс пен бастамалар айтылды. Олардың кейбірі алдағы жұмыс жоспарына енгізу үшін жан-жақты қаралатын болады. Атап айтқанда, жеке инвестициялар есебінен заманауи емхана салу үшін жер телімін бөлу мәселесі қозғалды.
Жалпы, бір күн ішінде мегаполис әкімі мен оның орынбасарлары, аудан әкімдері және басқарма басшылары 150-ден астам азаматты қабылдады. Барлық өтінішке қатысты жан-жақты жауаптар мен кеңестер берілді.
Қала әкімі жауапты тұлғалардың назарын тұрғындардың өтініштері бойынша жедел әрі нақты әрекет етуге, кері байланысты күшейту қажеттігіне аударды. Басты міндет – тек түсіндіру жұмысымен шектелмей, нақты нәтижеге жеткізу және орындалу барысы туралы өтініш иелерін хабардар ету.


