Шара барысында балаларға кеңсе тауарларымен толықтырылған жаңа мектеп сөмкелері, мектеп формасы және оқу процесіне қажетті жабдықтар табыс етілді. Бұл – тек материалдық көмек қана емес, әрбір балаға өз қатарластарынан қалмай, жаңа оқу жылына дайындықпен баруына жасалған қамқорлық болды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында балаларға қуаныш сыйлайтын игі шара ұйымдастырылды. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты комиссиясы мен Shymkent City Mall сауда орталығының әкімшілігі бірлесіп, «Баланы мектепке дайындайық!» атты дәстүрлі қайырымдылық акциясын өткізді.
Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету, олардың мектепке қажетті құрал-жабдықтарымен толық қамтылып, жаңа оқу жылын шат көңілмен бастауына мүмкіндік жасау.
Шара барысында балаларға кеңсе тауарларымен толықтырылған жаңа мектеп сөмкелері, мектеп формасы және оқу процесіне қажетті жабдықтар табыс етілді. Бұл – тек материалдық көмек қана емес, әрбір балаға өз қатарластарынан қалмай, жаңа оқу жылына дайындықпен баруына жасалған қамқорлық болды.
Сонымен қатар балалар үшін ерекше мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Shymkent City Mall орталығындағы Play Park ойын-сауық алаңына олар тегін кіріп, еркін ойнады. Бұған қоса Kinoplexx 9 City Mall кинотеатрында қызықты фильм көрсетіліп, балалар үшін ұмытылмас әсер қалдырды. Әр балаға тәтті тағамдар мен сусындар ұсынылып, олардың жүзінде қуаныш пен шаттықтың ізі айқын байқалды.
Акция аясында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев бұл шараның маңыздылығына тоқталды:
«Қазіргі таңда жүз елу балаға мектеп сөмкесі мен киімдері берілді. Бүгіннің өзінде елу балаға сый жасалды. Алдағы уақытта екі мың оқушыны қамту жоспарланған. Арнайы сараптама жүргізіліп, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға қолдау бағытталды. Балаларға тек сөмке мен киім ғана емес, кино көру, ойын-сауық орталығына бару, дәмді тағамдардан дәм тату мүмкіндігі де ұсынылды. Бұл – олардың көңілін көтеріп, жаңа оқу жылын шаттықпен бастауына жасалған қамқорлық», – деді ол.
«Баланы мектепке дайындайық!» акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл бастамаға партия депутаттары мен жергілікті демеушілер белсенді түрде атсалысады. Әр оқу жылы қарсаңында тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларына мектепке қажетті заттар табысталып, олардың білім алу жолындағы алғашқы қадамдарына қолдау көрсетіледі.
Мұндай шаралар балалардың көңілін көтеріп қана қоймай, олардың бойында сенім мен үміт ұялатады. Әрбір баланың мектепке қуанышпен баруы – ел болашағына салынған ең үлкен инвестиция.


