​«SHYMKENT CREATIVE HUB» орталығында кәсіби шеберлік сабағы өтті

0
220

Жаңа орталық қаладағы шығармашылықпен айналысатын мамандарды бір арнаға тоғыстырып, олардың кәсіби дамуына, идеяларын жүзеге асыруына және табыс көзін кеңейтуіне мүмкіндік береді. Мұнда қолөнершілер, зергерлер, суретшілер, дизайнерлер мен контент-мейкерлер бірлесе жұмыс істейді.


​«SHYMKENT CREATIVE HUB» орталығында кәсіби шеберлік сабағы өтті

Шымкент қаласында биыл шығармашылықты қолдауға арналған ерекше орын – «Shymkent Creative Hub» орталығы ашылды. Бұл орталық балалар мен жасөспірімдерге жаңа идеяларын жүзеге асырып, өз қиялын өнер арқылы көрсетуге мүмкіндік беретін кеңістікке айналды. Мұнда әркім өзінің таланты мен қызығушылығына сәйкес үйірмелерге қатысып, жаңа нәрселерді үйрене алады.

Сол үйірмелердің ішінде ерекше көзге түсетіні – белгілі кәсіби суретші Айман Тельходжаеваның шығармашылық шеберханасы. Ол түрлі байқаулардың жеңімпазы, тәжірибелі ұстаз және шәкірттері үшін нағыз үлгі болатын өнер иесі. Айман апайдың қасында бүгінде 10-нан астам жас суретші тәлім алып жүр. Олар бірге сурет салып қана қоймай, қолөнердің сан алуан түрін меңгеруде.

Жақында шәкірттер ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай ерекше шеберлік сабағына қатысты. Бұл жолы олар әшекей бұйымдарын эпоксидті шайырды қолданып жасады. Балалар мен жасөспірімдер қазақы өрнектерді заманауи стильде бейнелеп, сырға, алқа, білезік сынды әдемі бұйымдар жасады. Олардың әрқайсысы өз қолынан шыққан дүниесін мақтанышпен көрсетті. Ұстаздары да шәкірттерінің талпынысына риза болып, болашақта үлкен шебер атанатынына сенім білдірді.

Айман апайдың айтуынша, әр балада өнерге деген қабілет бар. Оны дұрыс бағыттап, қолдап отырса, балалар өз армандарын жүзеге асыра алады. Сондықтан ол жасөспірімдерді түрлі байқауларға қатыстырып, қалалық көрмелерге апарып, өнерге деген қызығушылығын арттырып келеді.

Жалпы, «Shymkent Creative Hub» – бұл шығармашылық әлеміндегі нағыз орталық. Мұнда тек сурет салуды ғана емес, қолөнер, зергерлік өнер, құрақ құрау, сән үлгілерін жасау, заманауи дизайн және контент-мейкерлік сияқты көптеген бағыттарды үйренуге болады. Балалар өз қолымен жасаған бұйымдарын көрмеге шығарып, достарымен бөлісе алады. Бұл тек қана өнер емес, сонымен қатар табыс табуға болатын кәсіптің алғашқы қадамы.

Хабта үнемі шеберлік сағаттары, сән көрсетілімдері, фестивальдер мен түрлі семинарлар ұйымдастырылады. Әр бала өз қиялы мен талантына қарай еркін жұмыс істеп, армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Бұл жер – болашақ суретшілер, дизайнерлер мен өнерпаздардың басын қосатын шығармашылық орда.

Жаңа орталықтың мақсаты – балаларға өнердің әр саласын таныстырып, олардың бойындағы жасырын қабілеттерін ашу. Сондықтан мұнда келген әр жасөспірім шабыт алып, жаңа достар тауып, өзінің арман жолын бастай алады.

Бөлісу