Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы былтыр бастамасын көтеріп, жақсы дәстүрге айналған «Шым қала кештері» жазғы жобасын биыл да қайта қолға алды.
Ашық аспан астында өтетін бұл мәдени кештер шеруі қала өмірінің рухани тынысын арттырып, әр сенбі сайын шымкенттіктер мен қала қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлауды мақсат етеді.
Биылғы маусымның ашылуы 24 мамыр күні Shymkent City саябағында өтті. Шара аясында «Шымкент концерт» ұйымының Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі көрерменге ұлттық музыка өнерінің жауһарларын ұсынып, тамаша кеш тарту етті. Қала тұрғындары мен қонақтары оркестр орындауындағы әуезді ұлттық әуендерден рухани нәр алып, шынайы өнермен сусындады.
25 мамыр күні де «Шым қала кештері» жобасы жалғасты. Кеш бағдарламасында «Қазына» халық би ансамблі, эстрадалық, дәстүрлі және классикалық әншілердің өнері ұсынылады.