Балалардың жан-жақты дамуы үшін шахмат, би, домбыра үйірмелері жұмыс істейді, қуыршақ театры ұйымдастырылған.
фото: Шымкент қ. Әлеуметтік қорғау басқармасы баспасөз қызметі жариялаған видеодан скриншот
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №6 балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы №263 бұйрығы негізінде жұмыс істейді.
Мекемеде стационарлық жағдайда 3 пен 18 жас аралығындағы І және ІІ топтағы мүгедектігі бар балаларға, ал жартылай стационарлық күндізгі бөлімде 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі бала кезінен мүгедектігі бар балаларға кешенді арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Іргетасы 1967 жылы қаланған орталықтың ғимараты 2024-2025 жылдары күрделі жөнделіп, материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылды. Сенсорлық және Монтессори бөлмелері, дене шынықтыру залдары, еңбек шеберханалары талапқа сай жабдықталған. Тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларға арналған заманауи механотерапиялық құрылғылар орнатылып, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, массаж және оңалту қызметтері тұрақты көрсетіледі.
Бүгінде стационарлық бөлімге – 110 орын, жартылай стационарлық бөлімге 70 орын қарастырылған. Қазір стационарда – 103 бала, ал күндізгі бөлімде 68 бала тәрбиеленіп, қажет әлеуметтік және медициналық қолдау көрсетілуде.
Балалардың жан-жақты дамуы үшін шахмат, би, домбыра үйірмелері жұмыс істейді, қуыршақ театры ұйымдастырылған. Мұндай бастамалар балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.
Осылайша орталықта ерекше күтімді қажет ететін балалардың денсаулығын нығайтып, олардың әлеуметтенуіне және толыққанды өмір сүруіне жағдай жасалып отыр.


