Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Момынов көшесі бойында теміржол өткелі салынуда.
Нысан құрылысы 2024 жылы басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 30%-ы орындалды. Ал инженерлік желілерді қайта орнату жұмыстары 100 пайыз аяқталған. Өткелді биылғы жылдың соңында пайдалануға беріп, көлік қозғалысына ашу жоспарланып отыр.
Құрылыс барысын зерделеу мақсатында жұмысшы топ құрылды. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаментінің еріктілері, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Шымкент қалалық филиалының мамандары және Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма мамандары кірді.
Еріктілер мен мамандар жай ғана кабинетте отырып жиын өткізбеді. Нысан басына барды. Топырақ кешіп, шаң жұтып жағдайды көзбен көрді. Өткелдің сапасы мен белгіленген талаптарға сәйкестігін мұқият зерделеді.
— Нысанда темірбетон конструкцияларының сапасы тексерілді. Сонымен қатар, жол-құрылыс материалдарынан сынамалар алынып, олардың нормативтік талаптарға сәйкестігін қарайтын боламыз, - деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының Сапа және мәліметтік есеп бөлімінің басшысы Лұтфулла Кенжаев.
Зерделеу барысында көпір құрылысында қолданылып жатқан материалдардың сапасына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, нысандағы құрылыс қарқыны мен қауіпсіздік шаралары да қаралды.
— Құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген талаптарға сәйкестігін қоғамдық және визуалды бақылау арқылы тексеру - ашықтықты қамтамасыз етудің, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың маңызды тетігі. Алдағы уақытта да құрылыс жұмыстарына тұрақты мониторинг жүргізілетін болады, - деді зерделеу тобының волонтері Жасмин Әшімова.
Зерделеу нәтижесінде, нысандағы құрылыс сапасының барлық техникалық талаптарға сай екені анықталды. Құрылысқа “өте жақсы” деген баға берілді.
— Бұл теміржол өткелі – қаламыздың шығыс бөлігін орталықпен байланыстырып, көлік қозғалысын жеңілдету әрі жол-көлік кептелістерін азайту мақсатында жүзеге асып жатқан маңызды инфрақұрылымдық жоба. Құрылыс жұмыстары біздің тұрақты бақылауымызда. Әрбір кезеңнің белгіленген талаптарға сай орындалуын мұқият қадағалап отырмыз, – деді Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының маманы Нұрбол Қожабеков.
Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында 342 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 43,7 шақырымы қайта жаңғыртылса, 17,1 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді. Ал 323 көшеде, яғни 201 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда.