​SHYMKENT HUB: Цифрландыру дәуіріндегі жаңа қатерлер

0
38

Форум барысында жастардың ерекше қызығушылығын тудырған тақырыптардың бірі – жасанды интеллекттің көмегімен жасалатын кибершабуылдар болды.


​SHYMKENT HUB: Цифрландыру дәуіріндегі жаңа қатерлер

Шымкентте киберқауіпсіздік пен цифрлық сауаттылық мәселесі кеңінен талқыланған форум өтті.

Бүгінгі таңда цифрландыру мен жасанды интеллекттің жедел дамуы қоғамға көптеген жаңа мүмкіндіктер сыйлап отыр. Адамдардың күнделікті өмірі жеңілдеп, қызмет түрлерін онлайн форматта алу, мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ құжат рәсімдеу, интернет-дүкендер арқылы сауда жасау немесе қаржылық операцияларды қашықтан жүргізу – бәрі де өркениеттің ілгерілеуінің айқын көрінісі. Дегенмен, осындай қолайлылықпен қатар жаңа қауіп-қатерлердің де пайда болғанын жоққа шығаруға болмайды. Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары кибершабуылдар саны күрт өсіп, әсіресе мемлекеттік құрылымдар мен қаржы секторына бағытталған зиянды әрекеттер көбейіп барады.
Қазіргі заманғы алаяқтардың әрекеттері де жетіліп, олар жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шабуылдарын автоматтандырып, ауқымын кеңейтуге көшкен. Егер бұрын бір адамды алдау немесе белгілі бір ақпаратты қолды етуге бағытталған жеке әрекеттер жиі кездессе, қазір қылмыскерлер бүтіндей жүйелерге, ірі мекемелерге, тіпті мемлекеттік органдарға қауіп төндіретін деңгейге жетті. Сондықтан да киберқауіпсіздікке кешенді әрі жүйелі түрде қарау – уақыт талабы болып отыр.
Осы өзекті мәселелер Шымкент қаласында орналасқан “Shymkent Hub” орталығында өткен «Цифрлық қауіпсіздік және сауаттылық» тақырыбындағы форум барысында кеңінен талқыланды. Іс-шараға ІТ мамандар, стартап өкілдері, киберқауіпсіздік саласында жұмыс істейтін сарапшылар және жас буын өкілдері қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – қоғам мүшелеріне заманауи қауіптер туралы түсінік беру, жеке деректерді қорғау мәдениетін қалыптастырудың маңызын жеткізу және киберқауіпсіздікті күшейтудің нақты жолдарын ұсыну болды.
Форум барысында қатысушыларға кибершабуылдардың түрлері, олардың салдары, сондай-ақ одан қорғанудың негізгі тәсілдері туралы жан-жақты мәлімет берілді.

Күнделікті өмірдегі цифрлық қауіптер - қандай болуы мүмкін?
Жиында сөз алған мамандардың пікірінше, қазіргі қоғамда цифрлық сауаттылықтың маңызы күннен-күнге артып келеді. Әсіресе, әрбір азамат банк картасын пайдаланатын, интернет арқылы сауда жасайтын немесе түрлі қосымшаларға жеке мәліметтерін енгізетін жағдайда қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдары үлкен шығынға әкелуі мүмкін.
Осы ретте хабтың резиденті Самал Райымжан өз сөзінде мынадай маңызды ойды жеткізді:
– Қазір әрбір азамат интернет кеңістігінде белсенді. Бірі онлайн дүкендерден киім сатып алады, енді бірі коммуналдық төлемдерді қосымшалар арқылы төлейді, тағы бірі шетелдік платформаларда жұмыс істеп, жеке деректерін енгізеді. Осындай кезде сақтық шараларын елемеу немесе кездейсоқ сілтемелерге өтіп кету қаржылық шығынға ғана емес, жеке бас деректерінің қолды болуына да әкелуі мүмкін. Қазір тіпті чат GPT секілді жасанды интеллект платформаларына жеке мәліметтерді немесе мекеме құжаттарын жіберіп, бір шешім табуға тырысатын жағдайлар кездеседі. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру тек ІТ мамандардың ғана емес, бүкіл халықтың ортақ міндетіне айналуы тиіс, – деді ол.

Жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа қатерлер - мұны да білуіміз қажет
Форум барысында жастардың ерекше қызығушылығын тудырған тақырыптардың бірі – жасанды интеллекттің көмегімен жасалатын кибершабуылдар болды. Сарапшылардың айтуынша, енді алаяқтар белгілі бір адамның дауысын қолдан жасап, жақындарына хабарласқандай болып ақша сұрай алатын деңгейге жетті. Сонымен қатар фишингтік сайттар да барған сайын шынайы әрі сенімді көрінетін болып барады.
Осыған байланысты жиынға қатысқан мамандар әр азаматтың сандық мәдениетін арттырудың маңызын атап өтті. Тек қана жаңа технологияларды пайдалану емес, оны дұрыс әрі қауіпсіз қолдануды үйрену – болашақта әр адамның басты дағдысына айналуы қажет.

Қорғанудың жолдары аса маңызды
Форумда киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қарапайым әрі қолжетімді әдістер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда:
  • әртүрлі қызметтер үшін бірдей құпиясөзді пайдаланбау;
  • құпиясөздерді жиі ауыстырып отыру;
  • екі факторлы аутентификацияны қосу;
  • күмәнді сілтемелерге өтпеу;
  • бейтаныс адамдардан келген хабарламаларға сақтықпен қарау.
Сонымен бірге мамандар мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының да ақпараттық жүйелерін қорғауды күшейту қажет екенін атап өтті. Өйткені кибершабуылдар тек жеке адамдарға ғана емес, бүтіндей қоғамға, мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.

Жастардың рөлі қандай болмақ?
Форумға қатысқан жастар өз ұсыныстарын ортаға салып, жаңа заманғы қатерлерге қарсы тұру үшін арнайы оқыту бағдарламаларын, мектептер мен жоғары оқу орындарында цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған пәндер енгізудің қажеттілігін айтты. Олардың пікірінше, балалар ерте жастан бастап интернеттің қауіптері туралы білуі тиіс. Өйткені виртуалды кеңістікте ең көп уақыт өткізетін де – жастар.

Қорыта айтқанда, “Shymkent Hub” алаңында өткен форум – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды мәселелерді қозғаған игі бастама болды. Цифрландыру дәуірінде ақпаратты сақтау, жеке деректерді қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әрбір азаматтың жауапкершілігіне айналуы тиіс. Мамандардың айтуынша, цифрлық сауаттылықты арттыру арқылы біз киберқылмыскерлердің әрекеттерін шектеп қана қоймай, қоғамның тұрақты дамуына да жол ашамыз.

Жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың игілігін көру үшін оларды дұрыс пайдалану, қауіптерге қарсы дайын болу – уақыттың талабы. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі өткен форум – тек ІТ мамандарға ғана емес, жалпы қоғамға, әсіресе жастарға үлкен ой салған шара болды.
Бөлісу