ШЫМКЕНТ: инклюзивті қоғам құру – өркениетті мемлекет дамуының басты бағыттарының бірі

0
114


ШЫМКЕНТ: инклюзивті қоғам құру – өркениетті мемлекет дамуының басты бағыттарының бірі

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Таңсәуле Серіковтың қатысуымен «Инклюзивті қоғам: білім және қолжетімділік» тақырыбында арнайы кездесу өтті.

Жиынға профессор-оқытушылар құрамы мен белсенді студенттер қатысты.

Бүгінде инклюзивті қоғам құру – өркениетті мемлекет дамуының басты бағыттарының бірі. Әсіресе, білім беру жүйесінде әрбір балаға, оның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға тең мүмкіндік ұсыну – қоғамның адамгершілік деңгейін айқындайтын көрсеткіш.
Осы орайда аталмыш оқу орнында бұл бағыттарда бірқатар жұмыстар жүргізіліп отыр. Нақтырақ айтар болсақ, университетте Инклюзивті орталық жұмыс істейді. Оқу орны мүмкіндігі шектеулі студенттерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы пандустар, тактильді бағыттаушы жолдар, аудио қосымшалар, интерактивті тақталар сияқты арнайы құралдармен қамтылған.
– Инклюзивті қоғам – бұл тек әлеуметтік саладағы өзгеріс емес, бұл – ойлау жүйеміздегі үлкен трансформация. Біз білім беру жүйесінде ешбір жастың артта қалмауына, бәріне тең мүмкіндік берілуіне мүдделіміз. Университеттің осы бағыттағы жұмыстары қуантады, – деді депутат.
Ал өз кезегінде белсенді студенттер мен оқытушылар тарапынан өзекті сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Олар инклюзивті білім беру жүйесіне маман дайындау, әлеуметтік жобаларды іске асыру, инклюзия мәдениетін жастар арасында қалыптастыру секілді тақырыптарды қозғады.
Депутат та жастардың ұсыныстарын тыңдап, оларды заңнамалық деңгейде қарастыру мүмкіндігі бар екенін айтты. Ол сондай-ақ, Президент бастамасына сәйкес, кешенді заң жобасын әзірлеу кезінде білім беру мекемелерінің тәжірибесі мен ұсыныстары ескерілетінін де атап өтті.
Жалпы, мемлекеттік деңгейде қолдау тауып келе жатқан бұл бағыт еліміздің әлеуметтік тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуда маңызды құралға айналуда. Шынайы инклюзивті қоғам – әрбір азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруға жағдай жасалған орта.
Бөлісу