Қазіргі таңда шипажай кезегіне 26 мыңнан астам зейнеткер тіркелген.
Шымкент қаласында еңбек ардагерлерін сауықтыру ем-домымен қамтамасыз ету мақсатында қалалық мәслихаттың шешімімен шипажайларға тегін жолдамалар қарастырылған.
Шымкент қаласында аға буын өкілдерінің денсаулығын сақтау мен өмір сапасын арттыруға ерекше назар аударылуда. Қалалық мәслихаттың шешімімен еңбек ардагерлеріне еліміздегі белгілі шипажайларда тегін сауықтыру емін алу үшін арнайы жолдамалар бөлінеді. Бұл бастама қарт азаматтардың белсенді әрі салауатты қартаюына, олардың әлеуметтік өмірге белсенді араласуына және денсаулығын ұзақ мерзім сақтауға жағдай жасайды.
Жолдамалар әділдік қағидатымен, кезек тәртібі бойынша беріледі. Зейнеткерлер өз кезегін ыңғайлы әрі ашық қадағалау үшін geo-shym.kz порталына онлайн тіркеліп, деректерін жаңартып отыра алады. Қазіргі таңда 26 мыңнан астам шымкенттік зейнеткер шипажайда ем алу мүмкіндігін күтіп отыр. Статистикалық деректерге сәйкес, жыл сайын шамамен 7 500 жолдама бөлінеді. Бұл әр азаматтың орта есеппен 2,5–3 жылда бір рет тегін ем алуына мүмкіндік береді.
Биылғы жылы зейнеткерлер бірнеше танымал сауықтыру орындарына жолдама алды. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы «Денсаулық» шипажайы, Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жетісайдағы «Күлпаршын», Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі» және қала аумағындағы заманауи «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені.
Айрықша атап өтер жайт – «Ізетті зейнеткер» орталығы биыл Бозарық шағынауданындағы жаңа кең ғимаратқа көшірілді. Бұрынғы мекеме 70 адамға ғана есептелсе, қазіргі жаңа нысан бір мезетте 120 зейнеткерді қабылдауға қауқарлы. Бұл – көрсетілетін қызмет көлемін арттырып, кезек күту мерзімін қысқартуға мүмкіндік берген маңызды қадам.
Жыл басынан бері орталықтың емдік бағдарламасымен 836 зейнеткер қамтылған. Соның ішінде 558 адам наурыз айының 11-інен бастап жаңа ғимараттың қызметін пайдаланып үлгерді. Мұнда емдік ванналар, циркулярлық душ, ультракүлгін сәуле (УФО), ультрадыбыстық терапия (УЗТ), биапрон, тұз шахтасы, электротерапия және «Радиус» құрылғысымен емдеу сияқты заманауи әдістер қарастырылған.
Сауықтыру кешеніне келген ардагерлер көрсетілетін қызмет сапасына жоғары баға беріп, жылы лебіздерін білдіруде. Медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен жайлы жағдайдың үйлесуі бұл орталықты қаладағы ең тиімді сауықтыру орындарының біріне айналдырып отыр.
Қала әкімдігі алдағы жылдары да осы бағыттағы қолдау шараларын жалғастырып, зейнеткерлердің денсаулығын сақтау мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған бағдарламаларды кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл – Шымкент қаласының аға буынға деген құрметі мен қамқорлығының айқын көрінісі.