ШЫМКЕНТ: Қала басшысы бірқатар маңызды нысандарды аралап көрді

0
154

Қала басшысы Металлургтер саябағында да болып, абаттандыру барысын тексерді.


ШЫМКЕНТ: Қала басшысы бірқатар маңызды нысандарды аралап көрді

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті рет аралауды Тұран ауданынан бастады. Аралау барысында мемлекеттік жер телімінде заңсыз салынған, бұзылуы тиіс нысанды көріп, заңсыз құрылыстың иесіне түсіндіру жұмысын жүргізіп, құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді. Ал босатылған аумақта аудан тұрғындарына қолжетімді қоғамдық кеңістік салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалада Мәдениет және өнер университетін ашу бойынша жұмыстар аясында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің өнер және мәдениет факультетінің материалдық-техникалық базасымен танысты.
Қала басшысы Металлургтер саябағында да болып, абаттандыру барысын тексерді. Жұмыстар BI Group компаниясының қолдауымен корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда саябақта балалар және воркаут алаңшалары орнатылуда.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылатын, бір ауысымда 2000 оқушыға арналған “BINOM” жалпы білім беретін мектебінің құрылыс жобасымен де танысып қайтты.
Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы ОҚУ базасындағы «Денсаулық» спорт кешеніне барды. Алдағы уақытта нысан спорт және дене шынықтыру басқармасының балансына беріледі. Сол жерде жауапты тұлғаларға жүгіру жолағының жабындысын ауыстыру, футбол алаңының газоны мен көрермендерге арналған отырғыштарды жаңарту жөнінде тапсырма берілді.
Ал Әл-Фараби ауданында Диваев көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын тексерді. Әкім мердігер ұйымға анықталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жою жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ, Қонаев даңғылының жалғасын салудың екінші кезеңінің аяқталуын бақылады. Аталған жол учаскесі пайдалануға беріліп, көлік қозғалысына бүгіннен бастап ашылды.
Бұдан бөлек, Еңбекші ауданында «Нормұхамедов» ЖК омарта шаруашылығына барды. Шаруашылық басшылығы әкімді ара ұстау технологиясымен, бал өндіру және буып-түю үдерістерімен таныстырды.
«Мұндай шаруашылықтардың дамуы өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауыл кәсіпкерлігін нығайтуға және табиғи бал шаруашылығының дәстүрлерін сақтауға елеулі үлес қосады»-деген әкім, Ауыл шаруашылығы басқармасына өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға қолдау көрсетуді тапсырды.