Шымкентте қала әкімі кезекті рет бірқатар нысандарды аралап көріп, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.
Нақтырақ айтар болсақ, алдымен «Асар-2» және «Достық» шағынауданында Әмірсай мен Әлдиана көшелеріндегі орташа жөндеу жұмыстарын көрді. Жергілікті тұрғындармен әңгіме барысында инфрақұрылымды дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті. «Әсіресе жолды, көше жарығын және жалпы абаттандыру жұмыстарын басты назарда ұстап отырмыз»-деді, қала басшысы тұрғындарға.
Сонымен қатар, «Ақжайық» шағынауданындағы жолдардың қазіргі жағдайын, Қонаев даңғылының жалғасын салудың екінші кезеңін және Қойкелді батыр көшесі бойындағы теміржол арқылы өтетін көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарын да тексерді. Айта кететін жайт, Қонаев даңғылының осы бөлігінде көлік қозғалысы жақын күндері қайта ашылады.
Әрі қарай Еңбекші ауданында «Цементшілер» стадионы мен жанында орналасқан бұрынғы оңалту орталығының апатты жағдайдағы ғимаратын аралады. Сол жерде жауапты сала мамандарына ғимараттың техникалық жағдайын қайта зерделеуді және қорытындысына сәйкес спорт және дене шынықтыру басқармасының балансына беруді тапсырды.
Қала басшысы полиэтилен қаптамасын өндіретін «EASY PACK TECHNOLOGY» ЖШС-ның жұмысымен де танысты. Кәсіпорын жыл сайын 5500 тоннаға дейін өнім шығарып, 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Сонымен қатар «БЕРЕКЕ ИНВЕСТ-5» ЖШС-ның цехында болды. Мұнда 30 адам еңбек етіп, өнеркәсіптік электр жабдықтары мен қосалқы бөлшектерді өндірумен айналысады. Жұмыс барысын бақылаған әкім Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына кәсіпкерлерге өнім өткізу нарығын кеңейтуге қолдау көрсетуді тапсырды.
Бұдан бөлек, «Shymkent Creative HUB» орталығында болды. Мұнда дизайнерлер, суретшілер, қолданбалы өнер шеберлері мен «Сақ» киностудиясы жұмыс істейді. Орталықта ниет білдірушілерге өз өнімдерін монетизациялауға арналған тегін жұмыс алаңдары мен шоу-румдар ұсынылады.
Қала әкімі жергілікті қолөнершілердің бұйымдарын қарап шыққан соң, туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасына шығармашылықпен айналысатын жас кәсіпкерлерге шеберлік сабақтарын ұйымдастыруда қолдауды күшейтуді тапсырды. Кездесу барысында әкім тарихи-мәдени және әлеуметтік бағыттағы бейнероликтер түсіру мен насихаттау ісінде «Сақ» киностудиясына қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.